Қоғам

Бескөлде тағы бір 5 қабатты үй бой көтермек

 

Аудан әкімдерінің есеп беруі жалғасуда. Бұл жолы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Қызылжар ауданының әкімі Жанат Сәдуақасов есеп берді. Ол баяндамасын бірден инфақұрылымнан бастады. Өзекті мәселелердің бірі тіршілік нәріне қатысты. Бүгінде қызылжарлықтардың 73 пайызы орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылған. Бұл көрсеткіш 32 елді мекенге қатысты. Ауданда 2019 жылдан бері біртіндеп “санация” әдісімен сумен жабдықтау желілерін жөндеу жұмыстары басталған болатын. Нәтижесінде 67 шақырымға жуық жаңа тарату желілері тартылып, 16 ауыл таза ауыз сумен қамтылды.

ЖАНАТ СӘДУАҚАСОВ, Қызылжар ауданының әкімі:
– Бұл жұмыс келесі жылы да жалғасын табады. Биыл Якорь
ауылында тарату желілерін қайта құруды аяқтадық. Михайловка елді мекенінде де жөндеу жұмыстары басталды. Нәтижесінде тұрғындар суды үйлеріне келесі жылы өткізе алады. Биыл Ташкент ауылындағы 80 үйдің 63-іне су тартылды.

Петерфельд пен Чапаев ауылдарындағы сумен жабдықтау желілерінің құрылысы алдағы жылы аяқталуы тиіс. Тағы 10 елді мекенде су мәселесі шешімін табады. Оның негізгі бөлігі Соколов топтық су құбырын қайта құру жобасына кіріп отыр. Қызылжар ауданының жолдары да біртіндеп қалыпқа келтіріліп жатыр.

ЖАНАТ СӘДУАҚАСОВ, Қызылжар ауданының әкімі:
– Келер жылы біз Петерфельд, Прибрежное, Новокаменка, Вагулино ауылдарындағы ауылішілік жолдарды қалыпқа келтірмекшіміз. Сондай-ақ, Шаховское ауылында елді мекенінің кіреберіс жолын күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады.

Ауданда тағы 8 ауылға қатысты жол мәселесі шешіледі деді Жанат Сәдуақасов. Жобалық-сметалық құжаттамасы дайын тұр екен.
Әкім аудандағы құрылыс қарқынына да тоқталып өтті.

ЖАНАТ СӘДУАҚАСОВ, Қызылжар ауданының әкімі:
– Қызылжар ауданында 861 адам үй кезегінде тұр. Оның 69-ы – көпбалалы отбасы мүшелері. Биыл Бескөл ауылында 2-ші бес қабатты баспананың құрылысы бастау алды. 2023 жылы тағы 5 қабатты 3-ші үйді салуды жоспарлап отырмыз. Қажетті құжаттары дайын тұр.

Сонымен қатар, аудан әкімдігінде үйге кезекте тұрған жандарды баспанамен қамту мақсатында қайталама нарықтан пәтер сатып алу тәжірибесі қолданылып жатыр. Биылдың өзінде аудан бюджетінен 3 баспана сатып алынып, 3 көпбалалы отбасыға берілген.