СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Айдарбек Сапаров: «М.Жұмабаев ауданындағы білім деңгейін арттыру қажет»

Айдарбек Сапаровтың өңірдің түкпір-түкпірін аралау жұмыстары М. Жұмабаев ауданында жалғасты. Ол әуелі Булаево қаласындағы «Altyn urpaq» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығына кіріп шықты. Мұнда оқушылар қолданбалы өнер, домбыра, робототехника, кәсіпкерлік және бизнес негіздері бойынша үйірмелерге қатысады. Нысан осыдан бір жыл бұрын ашылған. Аз уақыт ішінде ұл-қыздар біраз жетістікке жетіп үлгеріпті. Мысалы, 6 жастағы Алдияр Бердағұлов эко-туынды жасап, республикалық байқауда үздік атанған.

АЛДИЯР БЕРДАҒҰЛОВ:
–  Мен пластик бөтелкелерден «көңілді алфавит» жасадым. Осылайша, қоршаған ортаға пайдамды тигізгім келді әрі пластиктерге екінші өмір сыйлайын деп шештім. Бұл әліппені жасауға анам көмектесті.

Облыс әкімі әр үйірменің жұмысымен егжей-тегжейлі танысып, балалармен де тілдесті. 152 оқушының көпшілігі роботехникаға қызығады екен.

АРМАН ЕСЕНТЕМІРОВ, Сарытомар орта мектебінің мұғалімі, М.Жұмабаев ауданы:
– Оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін ойындар өткізіп отырамыз. Соның бірі – асық ату.

Келесі кезекте – дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Аймақ басшысы хоккейшілермен кездесіп, спортшылардың аяқ алысы туралы сұрады.

МИХАИЛ НОВИЦКИЙ, хоккейші:
–  Хоккей кортында керекті жағдайдың барлығы жасалған. Жел соқпайтын шатырымыз бар. Мұзы да жақсы. Қазір «Бастомар» хоккей клубымен бақ сынасып жатырмыз.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Аудан әкімі спортты дамыту үшін қажетті мүмкіндіктерді ұсынуда. Өз кезегінде біз барынша қолдау білдіреміз. Облыстың әр ауданында осындай корт болуы керек. Одан кейін ауылдық округтің балалары да хоккеймен шұғылданулары үшін жағдай жасау қажет. Өйткені, нағыз спортшылар ауылдан шығады.

Аудандық әкімдікте өткен отырыста Айдарбек Сейпілұлы осы өңірдің тумасы болғандықтан, мойнындағы жауапкершіліктің екі есе екенін айтты. Өлкемізді одан әрі дамыту үшін бар білім-тәжірибесін қолданатынын жеткізді.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Президент сенім артқандықтан, оны ақтау керек. Өздеріңізге таза қызмет етуге дайынмын. Жай сөзбен емес, жоғары деңгейде іспен көрсетуге тырысамын. Сіздердің көмектесетіндеріңізді сеземін. Осылайша, үлкен жетістіктерге жетеміз деген сенімдемін.

Бұдан кейін сөз кезегі аудан әкімі Қайрат Омаровқа берілді. Ол 10 айда атқарылған шаруаны жіпке тізіп, көрсеткіштерді баяндады. Атқамінер мал шаруашылығын дамыту жоспарда екенін айтты. Бар тауарлы-сүт кешендерін жөндеп, жаңаларын салу да көзделген. Әкімнің сөзінше, биыл қолданылмай жатқан 16 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылыпты.

ҚАЙРАТ ОМАРОВ, М.Жұмабаев ауданының әкімі:
–  Баяндамамды жалғастыра отырып, экономикалық маңызды салалардың бірі құрылыс туралы айта кетейін. Тұрғын үй құрылысы саласында биыл 8 мың шаршы метр үй қолданысқа берілді. Нақты көлем өндірісі – 96,4 пайыз. Булаево қаласында 3 қабатты 45 пәтердің құрылысы жалғасуда. 1 шаршы метрдің құны 160 мың теңгеден аспайды.

Аудандағы жолдар да реттеліп келеді. Биыл бұл шаруаға 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Нәтижесінде 50 шақырым жер жаңартылған. 8 елді мекеннің ауылішілік жолдары орташа жөндеуден өтті.

ҚАЙРАТ ОМАРОВ, М.Жұмабаев ауданының әкімі:
– Биыл біз аудан орталығының көшелерін жөндеуді жалғастырдық. Ағымдағы жылдың басынан бері Булаево қаласының 18 көшесі жаңартылды. Жалпы, 2022 жылы аудан бойынша жақсы және қанағаттарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесі 70 пайызға жетті.

Айта кетсек, аудандағы ауылдардың түгелі дерлік орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Биыл 6 елді мекендегі тарату желілері жөнделіпті. Жастар мен Қарағанды ауылында сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы басталды. Қайрат Омаров білім беру саласындағы оң өзгерістерді де атап шықты. Биыл аудандағы 5 нысан күрделі жөндеу көрген.

ҚАЙРАТ ОМАРОВ, М.Жұмабаев ауданының әкімі:
– 2022 жылы 11-сыныпты 180 оқушы бітірді. Оның 72 пайызы ҰБТ-ға қатысты.

Аудандағы ҰБТ көрсеткіші 69 пайызды құрайды. Осы ретте Айдарбек Сапаров білім деңгейін арттыру қажеттігін атап өтті. Мектеп директорларының басын қосып, мәселені біржақты етуді тапсырды. Жиынға қатысқан Аққайың ауылдық округінің әкімі Мақсат Есжанов білім ошақтары жөнделсе екен дейді.

МАҚСАТ ЕСЖАНОВ, Аққайың ауылдық округінің әкімі, М.Жұмабаев ауданы:
–  Бізде мектеп соғылғалы күрделі жөндеу көрмеді. Мектептер жаңартылса екен дейміз.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Ең негізгі жұмыстарды қарау керек. Көмектесеміз, бастысы – әрмен қарай перспектива болуы керек.

Айдарбек Сапаров тұрғындардың базыналарын мұқият тыңдап шықты. Іске кірісіп, жауыр болған мәселелер біржақты етілетінін айтты. Сондай-ақ, облыс әкімі аудандағы ауыл шаруашылығы мен білім саласына ерекше көңіл бөлу қажеттігін қаперге салды.