Спорт

Үздіктерді марапаттау


Оқушылар сарайында облыстық білім саласындағы спорт бөлімінің жетістіктерін қорытындылау жиыны өтті. Оған өңірдің үздіктері жиналып, түрлі дәрежедегі марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, оқушылар арасында өткен облыстық “Жастар”, колледж студенттері арасында ұйымдастырылған “Сұңқар” спартакиадалары мен ұстаздардың қатысуымен өткен облыстық “Мұғалім-2022” додасы.

Оқушылар арасында өткен облыстық “Жастар” спартакиадасының жеңімпазы болып Қызылжар ауданының командасы танылды. Бүгінгі марапаттау рәсіміне аудандық білім бөлімінің әдіскері Руслан Қапаров келіп отыр. Айтуынша, аудан спортшылары биыл жақсы нәтиже көрсеткен.

РУСЛАН ҚАПАРОВ – Қызылжар аудандық білім бөлімінің әдіскері
– Аудан спортшылары биыл 3 бірдей спартакиадада жеңімпаз атанды. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Осы ретте аудан оқушылары мен бапкерлеріне деген алғысымыз шексіз. Келесі жылы да биіктерді бағындыруды осындай қарқынмен жалғастырамыз деген ниеттемін.

Мейірлан Серіков – облыстық “2022 жылдың үздік спортшысы” байқауының қатысушысы. Жеткіншек Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінде білім алады. Бойымда спортқа деген қызығушылықты әкем оятты дейді.

МЕЙІРЛАН СЕРІКОВ, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің оқушысы:
–  Менің футболға қатысып жүргеніме 5 жыл болды. Осы спортты Қазақстанда жандандырып, жақсарту – менің арманым. Өзім «Қызылжар» командасында өнер көрсетемін.

Жалпы, биыл өңірде 100-ден астам спорттық жарыс ұйымдастырылған. Республикалық, тіпті, одан өтіп, әлем деңгейінде өнер көрсеткендер де бар.

ҚАНАТ СӘДУАҚАС, өңірлік дене шынықтыру, спорт және АӘД оқу-әдістемелік орталығының директоры:
–  Биыл Францияда дүниежүзілік гимназияда өткен болатын. Сонда біздің 3 спортшымыз жүлдегер атанды. Жалпы, білім саласында біз спортшыларды дайындамаймыз. Біздің мақсатымыз – ұл-қыздарды спорт үйірмелеріне тарту. Дей тұрғанмен, біз түргі деңгейдегі жарыстар өткіземіз. Мұнда – кәсіби емес, әуесқой спортшылар.

Өңірде 2 мыңнан астам спорт үйірмесі бар. Қазіргі уақытта оған мектеп оқушыларының 80 пайызы барып жүр.