Өнеркәсіп

Өңірдің ЕАЭО елдерімен өзара саудасы артқан



Өңірдің 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды. Барлық салалар бойынша өсім бар. Қуантарлық нәтижеге облыс инвестиция тарту бойынша қол жеткізді. Биылғы көрсеткіш 301,2 млрд теңгені құрады. Қаражат құю бойынша ауыл шаруашылығы секторы алдыңғы қатарда. Солтүстікқазақстандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қаңтар айынан бері 1089,1 млрд теңгенің өнімін шығарыпты. Мәселен, биыл өңірде 98,3 мың тонна ет, 613 мың тонна сүт пен 659 млн данаға жуық жұмыртқа өндірілді. Ал тамақ өнімдерінің өндірісі 6 пайызға өскен. Өнеркәсіпте де алға жылжу бар. Жергілікті кәсіпорындар 11 айдың ішінде 434,5 млрд теңгенің тауарын өндірген. Құрылысты айтар болсақ, қаңтар-қараша аралығында өңірде пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 176,7 мың шаршы метрді құрады. Жалпы, құрылыс жұмыстарының көлемі 91,5 млрд теңге сомасына орындалған. Сондай-ақ, өңірде Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара сауда-саттық артып келеді. 11 айдың қорытындысы бойынша алыс-беріс ауқымы 474,1 млн АҚШ долларын құрады. Қаржының басым бөлігі импорттың үлесінде.