СҚО әкімдігіДенсаулық сақтау

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасына МРТ аппараты қойылды

 

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасына МРТ аппараты қойылды. 1-2 күнде іске қосылатын су жаңа қондырғы Франция елінде жасалыпты. Құны – 791 млн теңге. Қаржы өңірді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында республикалық бюджеттен бөлініп отыр.

НҰРЛАН АЙМАНОВ, облыстық балалар ауруханасының директоры:
–  Бұл – балаларға арналған аппарат. Өзінің бағдарламалары бар. Көбінесе нерв жүйелері, буын, кеуде және құрсақ қуысы ауруларына бейімделген. Біздің ауруханада жатқан балалардың 70 пайызы осы МРТ суретін қажет етеді.

Заман игілігімен аймақ басшысы арнайы келіп танысты. Танысу барысында Айдарбек Сапаров аурухана директорынан кезек мәселесін сұрады.

Өзекті мәселені көпке созбай шешу қажет. Ал шешудің бірден-бір жолы – ауысымдық жұмысқа көшу. Яғни, МРТ-ның қыр-сырын бес саусақтай білетін медициналық кадрлар балаларды тәулік бойы қабылдауы керек.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Тағы да дәрігерлер алу керек. Сонда емдеудің нәтижесі болады. Осыған тырысу қажет. Халықта тосатын уақыт жоқ.

Іске қосылатын магнитті-резонасты томограф шығынды да қысқартады. Біріншіден, аппараттың қызметі тегін. Екіншіден, өзге өңірлерге ат ізін салып, дәрігерлердің көмегіне жүгінген жерлестеріміз енді алысқа бармайды.

НҰРЛАН АЙМАНОВ, облыстық балалар ауруханасының директоры:
– Былтыр облыстық ауруханада 1680 бала МРТ-дан өтті. Бұған тағы Ақмола облысында, Астанада және өзге елде өткен ұл-қыздарды қосамыз. Біздің жоспар – 4 мың балаға дейін қабылдау.

Әңгіме барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісов жаңалықпен бөлісті. Келесі жылы аурухана базасы тағы бір аппаратпен толықпақ.

ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
–  Келесі жылы облыстық балалар ауруханасына наркоз-демалу аппаратын сатып алу көзделіп отыр. Оның көмегі зор. Жаңа қондырғының көмегімен қимылсыз жатпайтын кішкентай балаларға анестезия арқылы зерттеу жүргізілетін болады.

Ата-аналардың құлағына алтын сырға! Облыстық балалар ауруханасындағы МРТ аппаратына 63-02-04 нөмірі арқылы жазылуға болады. Кездесу соңында аймақ басшысы Айдарбек Сапаров жауапты сала өкілдеріне ересектерді де ұмыт қалдырмауды тапсырды. Келесі жылы Тайынша қаласында қондырғы іске қосылмақ. Ол кезекті біршама қысқартуға септеспек.