Қоғам

Облыс орталығын жаңажылдық безендіру жұмыстары бастау алды

 

САМАЛ ЖҮНІСОВА, тілші:
– Сырғанауға арналған төбешіктер, мұз лабиринті мен түрлі мүсіндер. Облыс орталығын жаңажылдық мерекеге орай безендіру жұмыстары басталып кетті. Қазір сәулет өнерінің шеберлері қаламыздың қақ ортасында мұздан мүсіндер қашап жатыр.

Петропавлда жаз мезгілінде серуендейтін алаңдар жетерлік. Өкінішке қарай, олардың дені қыста жабылып қалады. Сондықтан, қалалық әкімдік өкілдері жыл сайын тұрғындар үшін Жаңа жыл мерекесі қарсаңында арнайы алаңдар жасайды.

ӘСЕМ АЙТУЛОВА, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
–  Биыл 5 ауданда мұндай площадкалар орналасатын болады. Олар: қалалық пен облыстық әкімдіктің маңы, “Береке” ықшам ауданы, 20-шы ықшам аудан мен “Жеңіс” саябағында. Бұл жерлерде горкалар және түрлі мүсіндер орнатылатын болады. Одан бөлек, қала бойынша жарықтандыру да жасалады.

Қаланы көркейту жұмыстарына мемлекет тарапынан қаражат бөлінбейді. Бұл шаруамен биыл да демеушілер айналысуда. Үстіміздегі жылы мұз қалашықтарын тұрғызуға 5 компания жұмылдырылған.

ӘСЕМ АЙТУЛОВА, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
–  Жылдағы дәстүрге сай, жаңажылдық шырша, ондағы ойыншықтардың барлығы спонсорлардың қаражатына салынатын болады. Биыл да дәл солай. 5 площадка 5 ай бойы жұмыс істейді. Оларды құру үшін 75 млн теңге бөлінген болатын. Қазіргі таңда жұмыстар жасалып жатыр.

Халыққа мұз қалашықтары бүгіннен ұнауда. Әсіресе, қаланың кішкентай тұрғындары төбешіктерде таңнан бері жүр.

БЛИЦ
–  Дәл Жаңа жыл мерекесінде бұл төбешікке достарыммен келгім келеді.
–  Мұндай мұз қалашықтарының барына қуаныштымыз. Бұл балалар үшін өте жақсы. Ауа райы жылы болса, балалармен тағы келеміз.
– Жыл сайын мұндай қалашықтарға көз қуанады. Мен шыршаның жағылғанын асыға күтіп жүрмін.