СҚО әкімдігі

Есілден кейін облыс әкімі Қызылжар ауданына барды

 

Есілден кейін облыс әкімі Қызылжар ауданына барды. Өңір жетекшісі ең алдымен осы жылы өз жұмысын бастаған «Жаңа Құс» серіктестігіне ат басын бұрды. Фабрикада 50 адам жұмыс істейді. Кәсіпорындағы орташа жалақы 170 мың теңгені құрайды. Қазіргі уақытта құс еті қала дүкендерінде келісіне 1150 теңгеге саудаланады. Бұл нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан. Алдағы уақытта жаңа корпустар салынып, фабриканы үлкейту жоспарланған.

РАДИЙ КӨШЕРБАЕВ , “Жаңа құс” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:
–  «Жалпы кәсіпорын құрылысы екі кезеңге шақталған. Қазіргі уақытта ферманың 3 корпусы бар. Енді тағы 3 корпус тұрғызу жоспарымызда бар. Қазір мердігер компания құрылыс материалдарын дайындауда. Ауа райы қолайлы болған сәтте құрылысты бірден бастаймыз. Фабриканы келер жылдың қыркүйек айына дейін кеңейтеміз. Корпустардың құрылысы аяқталғаннан кейін кәсіпорын қуаттылығы жылына 1,5 тоннаға дейін артады.»

Өз кезегінде Айдарбек Сейпілұлы келешекте құс еті тапшылығы болуы мүмкін екенін ескертіп, жаңа корпустардың құрылысын тезірек бастауға тапсырма берді.

 

АЙДАРБЕК САПАРОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

 – «Отандық кәсіпорындар құс етімен ішкі нарықты тек 65 пайызға ғана қамтамасыз етеді. Фабриканы кеңейту бойынша жұмыстарды тезірек аяқтау қажет. Бүгінде құс етін Ресей, Беларусь және басқа да алыс шет елдерден алдыртамыз. Ал батыста құс тұмауы белең алды. Сәйкесінше, құс фабрикалары жабылуда. Осы себепті, келешекте құс етіне тапшылық туындауы мүмкін. Барлығын өзімізден шығарып, импортты тоқтатуымыз керек. Бұл үшін мемлекет тарапынан қажетті көмектің барлығы бар».

Облыс әкімі кейін Подгорное ауылында орналасқан жаңа кірпіш зауытына бет бұрды. Биыл мамыр айында қолданысқа берілген зауыт тәулігіне шамамен 150 мың кірпіш шығаруға қауқарлы. Бірақ, кәсіпорында жұмыс күші тапшы. Салдарынан соңғы 5 айда уәде етілген 20 млн кірпіштің тек жартысы ғана дайын болған. Қазір зауыттың жұмысы тоқтап тұр. Себебі, кәсіпорын қыста жұмыс жүргізуге дайын емес. Серіктестік басшысы Гарик Бернецян зауыттың төбесін жабу арқылы аталған мәселені шешеміз деп отыр.

ГАРИК БЕРНЕЦЯН, «КІРПІШ СҚ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ

 – «Осы жылға мақсатымыз зауыттың төбесін жабу. Себебі қыс мезгілінде жұмыс істеуге ыңғайлы болу керек. Әзірге, зауыттың бір бөлігін сэндвич панельмен жауып тастадық. Сондай-ақ, зауытқа жұмысшылар тартудамыз. Себебі, кәсіпорында жұмыс күші тапшы. Салдарынан уәде еткен көлемдегі жұмысты орындай алмадық. Сонымен қатар, осы жылы жаңа қондырғылар сатып алынды. Арасында кептіргіш пен жаңа пеш бар. Осы арқылы жұмыс өнімділігін тәулігіне 250 мың кірпішке дейін арттыру жоспарда бар».

Елімізде құрылыс қарқын алғандықтан, кірпішке деген сұраныс та жоғары. Мәселе шешіліп, жоспар ойдағыдай жүзеге асса бұл зауыт ішкі сұраныстың 50 пайызын қамтамасыз етуге қауқарлы.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

«Тезірек аталған мәселелерді шешіп, жұмысқа кірісу қажет. Зауыт тоқтаусыз істеуі керек. Қажетті материалды әкеліңіздер. Елімізде сұраныс жетерлік. Әйтпесе, біз кірпішті көбіне Ресейден сатып алудамыз. Мемлекет тарапынан сіздерге 800 млн теңге көлемінде қолдау берілді. Бұл аз ақша емес».

Айдарбек Сапаров бұдан кейін екі жыл бұрын бой көтерген №3 Бескөл орта мектебіне барды. Мектепте 434 оқушы білім алады. 77 мұғалім қызмет етеді. Білім ордасында физика-математикалық бағыттағы пәндердің практикалық кабинеттері, заманауи қондырғылармен жабдықталған зертхана және әр сыныпта лэд экран бар. Қысқаша айтқанда, оқушылар үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Ерекше айта кететін тағы бір жайт. Мектепте әжелер үйірмесі жұмыс істейді. Бұл үйірмеде әжелеріміз балаларға тоқыма тоқу, ұршық үйіру сынды т.б халқымыздыздың салт дәстүрлері мен жөн-жоралғыларын үйретеді.

АЙНҰР СӘРСЕНОВА , №3 БЕСКӨЛ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ

Ұлттық мәдениетімізді насихаттап, балаларға үйретіп жүрген ақ жаулықты әжелерге Айдарбек Сейпілұлы өз ризашылығын білдірді.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Өңір жетекшісі кейін аудан орталығы Бескөл ауылының әкімдігінде тұрғындармен кездесу өткізді. Ең бірінші, аудан әкімі есеп беріп, келер жылы ауданда атқарылатын жұмыстардың біразын жіпке тізді.

ЖАНАТ СӘДУАҚАСОВ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
– Қызылжар ауданында жолдарды жөндеу жұмысы жалғасады. 2023 жылы Шаховское мен Рассвет ауылдарының кіреберісі жөнделмек. 13 ауылда көшелер жөнделеді. Сондай-ақ, Чапаево және Петерфельд ауылдарын сумен қамту сапасы жақсарады. Келер жылы Якорь және Прибрежное ауылдарында дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы басталады. Ал Пеньково мен Налобинода ауылдық клубтарды жаңартамыз.

Жиын барысында белгілі болғандай, ауданға бөлінген ақшаның 140 млн теңгесі игерілмей кері қайтарылған екен. Айдарбек Сейпілұлы аудан басшысына қатаң ескерту жасады.

 АЙДАРБЕК САПАРОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
– Халық ақша бөлінбейді деп ойлайды. Мәселен, Прибрежное ауылындағы жолды жөндеуге – 55 млн, ал Новокаменкодағы жолға 45 млн теңге бөлінген. Бұл тізім мұнымен аяқталмайды. Көп ақша игерілмей, кері қайтарылыпты. Ақша бөлінеді, бірақ жұмыс жүргізілмейді. Неге сіз бұны бақылауға алмағансыз? Конкурсты облыстық басқарма өткізіп жатқанымен аталған жолдар аудан аумағында орналасқан. Аудан әкімі ретінде бұл шаруаны бақылауға алыңыз. Егер жауапсыз мердігер болса, оны сотқа беріңіздер. Бірақ, нақты жоспар құрып, жұмысты уақытында аяқтауды тапсырамын.

Кейін өңір жетекшісі аудан тұрғындарының сауалдарына жауап берді. Сұрақ қойғандардың бірі – аудандық мәслихаттың депутаты Анастасия Эйникис.

АНАСТАСИЯ ЭЙНИКИС, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ
– Жасөспірімдер республикалық сайыстардан жүлделі оралып жүр. Бірақ, олар ауа райына байланысты әрдайым жаттығу жасай алмайды. Жалпы, біздің ауданда жабық хоккей кортының салынуы мүмкін бе?

АЙДАРБЕК САПАРОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

– Әрине, Бескөлде қысқы спортты қолдау керек. Дегенмен, арнайы жоспар дайындап, бұның барлығын жазда қарастыру керек еді. Себебі, облыс бюджеті нақтыланып қойды. Ең алдымен, сараптама жүргізіп, жоба дайыңдаңыздар. Кейін тиісті өтінім беріп, қарастырып көрейік.

 АНАСТАСИЯ ЭЙНИКИС, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ

– Ауданда шорт-трек, хоккей және конькимен жүгіруге спортқа қызығушылар саны өте көп. Сондықтан, бұл мәселені өзекті деп санаймын. Әкімнің жауабына ризамын. Енді жоба дайындауға кірісеміз. Осындай халықпен кездесулердің жиі ұйымдастырылып тұрғаны жақсы.

Жалпы өңір жетекшісі жыл соңына дейін барлық аудандарды аралап шығып, ауыл халқымен кездесу өткізеді.