Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір жетекшісі облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелерімен кездесті

 

Өңір жетекшісі Айдарбек Сапаров облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелерімен кездесті. “Сәлем – сөздің анасы” дегендей, аймақ басшысы залда отырған әрбір аға буын өкілімен амандасып шықты. Қазақ “қарты бар елдің, қазынасы бар” деп бекер айтпайды. Көпті көрген ақсақалдар – ақыл айтар, жөн сілтейтін жандар. Бұл кісілердің кеңесімен көп мәселе шешіледі. Осыны облыс әкімі жүздесу басында айтып өтті.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Бұл жерде мен 4 облыс әкімімен жұмыс істедім. Бірінші орынбасар болдым, алдында 2 ауданда әкім болдым. Облысты жақсы білеміз. Осы елдің тумасы болғаннан кейін мойнымдағы жауапкершілік 2 есе. Әлі шешетін, істейтін мәселелер мен жұмыстар көп. Сіздермен, халықпен ақылдасып, халықтың көңілінен шығатындай жұмыс істейміз деген сенімдемін.

Әкім бол, халқыңа жақын бол! Осы қағиданы берік ұстанатын Айдарбек Сапаров ардагерлер кеңесінің мүшелеріне өзекті мәселелерді айтып өтті. Бірінші проблема – Петропавл 2-ші жылы электр орталығын қалыпқа келтіру. Жарты ғасырдан артық тарихы бар қуат ошағы мен желілер жыл артқан сайын тозып барады.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Қазіргі таңда қазандықтардың тозу көрсеткіші – 57, ал жылу желілерінікі 70-80 пайызды құрайды. Бізге келесі жылы үшінші мұржаны тұрғызу керек. Жылу мен электр желілеріне қатысты да мәселелер көп. Олар да шешуді қажет етеді. Өңірде проблемалық құрылыс нысандары да бар. Мен Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін Премьер-Министрдің қабылдауында болып, бюджет жобасын ұсындым. Бізге 40 млрд теңгеге жуық ақша қажет. Үкімет басшысы қолдап, көмектесуге уәде берді. Ғимараттардың барлығы салынатын болады.

Келесі жылы аққайыңдар өлкесінде барлық маңыздағы жолдар мен көшелерді жөндеу ісі қарқын алады. “Бұл істе сапаға баса назар аудару қажет”,- деді өңір жетекшісі. Ауыл халқын орталықтандырылған сумен қамту да негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Жаңа жұмыс орындарын құру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселесі де күн тәртібінен түспейді.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Алла жазса, бәрі ойдағыдай болады деген сенімдемін. Сіздер көмектеседі деп ойлаймын, ақылдарыңызды айтасыздар. Ағаларымыз келіп, баталарын берді. Өзім таза, адал жұмыс істеуге, халықтың көңілінен шығуға сөз беремін.

Кездесуде облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері белсенділік танытты. Сөз алғандардың барлығы қоғамдағы өзекті мәселелерді көтерді. Проблемалар мен ұсыныстарды аймақ басшысы Айдарбек Сапаров қағазға түртіп алып отырды.

РАИСА ПОЛИЩУК, СҚО Құрметті азаматы:
–  Өңірде дарынды балалармен жұмыс ақсап тұр. Біздің облыста талантты ұл-қыздар жетерлік. Соларды қолдау үшін қосымша білім беруді күшейту қажет. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға инклюзивті білім беруді ұйымдастыру да маңызды бағыттардың бірі дегім келеді. Жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру мәселесі де назар аударуды қажет етеді.

Кездесуге арнайы әр саланың ардагері шақырылыпты. Светлана Кашенцева денсаулық сақтау саласындағы мәселелерге тоқталды.

СВЕТЛАНА КАШЕНЦЕВА, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі:
–  Бізді толғандыратын негізгі проблема – кадр тапшылығы. Тұрғын үй мәселесі де алаңдатады. Қуанышымызға орай, биыл өңірге 100-ден аса жас маман келді. Көпшілігі жалдамалы баспанада тұрады. Ал төлем емдеу мекемесіндегі ақылы қызметтер есебінен жасалады. Бұл – ойландыратын мәселе. Тағы медициналық мекемелерде орын жетіспейді. Мамандар тар кабинеттерде және кезектесіп жұмыс істеуге мәжбүр.

Көтерілген мәселелер өте өзекті. Айдарбек Сапаров ұсыныстарды жан-жақты қарастыру үшін сөз алған жандардан жазбаша жолдауды сұрады. Өз кезегінде облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері өңір жетекшісіне сенім білдірді.

ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
–  Біздің өңірде кейінгі жылдары өте жақсы дүниелер істелді. Сол кісі соны жалғайды деген үлкен сенімдеміз. Бұл кісінің тәжірибесі мол. Біз үлкен сенімдеміз.