ТЖ

Қарияны өрттен құтқарған кәсіби боксшы марапатталды

 

Петропавлда қарияны өрттен құтқарған кәсіби боксшы Евгений Павлов марапатталды. Оған Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы Дмитрий Растихин «Төтенше жағдайлар ерлігі» төсбелгісін табыс етті.

Оқиғаны басынан баяндайық. Қарашаның 24-і күні түнде Жұмысшы кентінде үй отқа оранады. Қызыл жалынды қарама-қарсы баспанада тұратын кәсіби боксшы Евгений Павлов бірінші байқап, оқиға орнына жанталаса жүгіреді. Бұл үйде оның көршісі тұрыпты.

ЕВГЕНИЙ ПАВЛОВ, кәсіби боксшы
– Оқиға түнгі сағат 1-лер шамасында болды. Мен бұл сәтте көлікте отырған едім. Машинаның айнасынан жалындаған отты көріп қалдым. Оқиға орнына жеткенде үйден шайқалып шыққан мас ер адамды кездестірдім. Одан “Үйде біреу бар ма?” деп сұрадым. “Ол өртті сөндірмей-ақ қойыңдар, бәрі жанып кетті” деп жауап берді. Мен оған құлақ аспай, баспанаға мұрнымды жауып кірдім. Сөйтіп, қарияны алып шықтым.

Тәуелсіздік күні қарсаңында кәсіпқой боксшы ғана емес, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері де түрлі наградаларға ие болды. Олардың арасында аудандардан келген мамандар да бар. Шара барысында жиналғандарды ведомство бастығының міндетін уақытша атқарушы Дмитрий Растихин алдағы мерекемен құттықтады.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының міндетін уақытша атқарушы
–  Өздеріңіз білетіндей, 1991 жылдың 16-шы желтоқсан күні “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” заңға қол қойылды. Дәл осы сәттен бастап жас, егемен мемлекеттің қалыптасу және даму тарихы басталды.

Жалпы, Тәуелсіздік күні қарсаңында 14 қызметкерге төсбелгі, медаль, грамоталар мен алғыс хаттар табыс етілді.