Білім

Болашақ мемлекеттік қызметшілер тәжірибе жинауда

 

Анна Ищак – Қозыбаев университетінің болашақ түлегі. Бойжеткен қазіргі таңда «Құқықтану» мандығында білім алуда. Мамандық таңдау – адамның өмір жолындағы маңызды мәселелердің бірі. Бұл саланы таңдауға мектеп кезінде ата-анасы септігін тигізген. Нәзікжанды енді өз өмірін мемлекетке қызмет етумен байланыстырғысы келеді. Ол “Мемлекеттік қызметші мектебі” жобасына қатысып, тәжірибелі, білікті маман атануды мақсат етуде. Алдағы өндірістік тәжірибесін Тайынша ауданындағы аудандық полиция бөлімінде өтуді жоспарлап отыр.

АННА ИЩАК, Қозыбаев университетінің студенті
– Мемлекеттік қызметші мектебінің 1-ші кезеңінде дәріс тыңдап, көпшілік алдында сөз сөйлеуге үйрендім және болашақ мамандығымның қыр-сырын таныдым. Тренингтер өткізілді. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшінің міндеттері таныстырылды.

Мемлекеттік қызметші мектебінің 8 маусымына Қозыбаев университетінің 23 студенті қатысуда. Келесі жылдың басында болашақ маман иелері 2 ай бойы өздері қалаған мемлекеттік мекемеге барып, тәжірибелерін толықтыра алады.

Бүгінгі жиында сала өкілдері студенттерді қолдап, өздерінің белгілі бір мамандыққа қалай келгендері жайлы баян етті. Мемлекеттік қызметте еңбек еткісі келетін жандардың саны жыл сайын артып келеді дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаменті басқармасының басшысы Гүлнәр Жусалина .

ГҮЛНӘР ЖУСАЛИНА, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының басшысы:
–  Қазіргі таңда мынадай заң жобасы бар – мемлекеттік қызмет мектебін бітірген студенттер конкурсқа қатысқан кезде оларға қосымша балл қосылады. Ауылдық жерге баруға ниеттері бар студенттерге мемлекет тарапынан “Дипломмен ауылға” бағдарламасы шеңберінде оларға несие және жәрдемақы берілетінін айтып жатырмыз. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдарға конкурс бойынша 227 азамат түсті, олардың шамамен 30%-ы 29 жасқа дейінгі жастар болып табылады.

Жалпы, Мемлекеттік қызметші мектебінде 79 студент тәжірибе жинап, оның 30%-ы оқу бітіргеннен кейін мемлекеттік қызметке орналасқан.