Мәдениет

“Жас қаламгер” облыстық фестивалі өтті

 

Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында болашақ журналистердің басын қосқан “Жас қаламгер” облыстық фестивалі өтті. Ортада Шал ақын ауданына қарасты Қаратал мен Кеңес ауылдарының оқушылары өздерінің жобаларын қорғауда. Олар – мектепішілік газеттің мүшелері. Қараталдық Меруерт Жеңісова 9-шы сыныпта оқиды. Ол үнемі өзінің білім ұясындағы жаңалықтарды жазып, қатарластары мен ұстаздарының назарына ұсынады екен.

 

МЕРУЕРТ ЖЕҢІСОВА, Қаратал орта мектебінің оқушысы, Шал ақын ауданы:
– “Жас қалам” қаламгерлер клубына мектептің бүкіл оқушысы қатысады деп айта аламын. Біз онда оқушыларымыздың шығармаларын жария етеміз. Бүгін өзіміздің газетіміздегі оқушыларымыздың жетістіктерін көресеттік.

“Жас қаламгер” облыстық фестиваліне 100-ге жуық жас қатысты. Олардың барлығы өздері шығарған газеттер мен бейнематериалдарын қазылар алқасына ұсынды. Қожаберген жырау атындағы 6-шы мектептің оқушысы Айжан Тастемірова Оқушылар сарайында журналистиканың қыр-сырын меңгеруде. Бірнеше жұмысы көрерменге жол тауып үлгеріпті.

АЙЖАН ТАСТЕМІРОВА, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің оқушысы:
– Біз байқауға “URPAQ” бағдарламасын алып келдік. “URPAQ” бағдарламасы Қызылжар телеарнасынан көрсетіледі. Онда 4 айдар бар. Олар: “Digital URPAQ”, “Бізде қонақта”, “Біздің кейіпкер” және “Сіз білесіз бе?”. “Бізде қонақта” деген айдарымызда өңіріміздің белгілі тұлғаларынан сұхбат аламыз.

САЯН ЕРМЕК, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі:
–  Біз 2019-ға дейін жыл сайын “Жас қаламгер” фестивалін өткізген болатынбыз. Карантинге байланысты 2 жыл ұйымдастыра алмадық.

Шара соңында саланың жілігін шағып, майын ішкен азаматтар оқушыларға арнайы шеберлік сағатын өткізді. Сонымен қатар, жас журналистер Муниципиалдық телеарнада экскурсия жасады.