Қоғам

Тимирязев ауданында тоқырап тұрған элеватордың жұмысы жанданды

 

Аудан әкімдерінің есебі жалғасуда. Бұл жолы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында жазда ғана тағайындалған Тимирязев ауданының жаңа әкімі есеп берді. Бірі білсе, бірі білмес осыдан жарты жыл бұрын аталған ауданның әкімі болып Ерлан Жаров тағайындалды. Ол ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жаман емес дейді. Ағымдағы жылдың 10 айында Тимирязев ауданының экономикасына 7,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Сырттан тартылған қаржының нәтижесінде аудандағы өнеркәсіпте де оң өзгерістер орын алды. Мәселен, өндіріс көлемі ұлғайып, 3,8 млрд теңгеден асқан.

Ерлан Жаров, Тимирязев ауданының әкімі
 – Ағымдағы жылы жаңадан тартылған инвесторлардың арқасында Ақсуат ауылында ұзақ уақыттан бері тұралап қалған элеватордың жұмысы қайта жанданды. Инвесторлар материалдық-техникалық базаны жаңартуға шамамен 300 млн теңге көлемінде қаржы құйды. Нәтижесінде қайта жанданған астық сақтау орнында 65 жаңа жұмыс орны құрылды.

Аудан экономикасының негізгі салаларының бірі агроөнеркәсіп кешені болып табылады. Бүгінде онда ауданның еңбекке жарамды халқының 60-пайызы жұмыс істейді екен. Ағымдағы жылы ауа райының қолайсыздығына қарамастан Тимирязев ауданының фермерлері 325 мың тонна дәнді және бұршақ дақылдарын жинаған екен. Жалпы өнім көлемі 57,9 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 18,9 млрд теңгеге көп. Ауданда мал шаруашылығы саласын дамытуға да көп көңіл бөлінеді. Нәтижесінде жыл санап төрт түліктің саны артуда. Ауданда игерілмей жатқан жерлерді қайтару жұмыстары да қызу жүріп жатыр.

Ерлан Жаров, Тимирязев ауданының әкімі
 – Ағымдағы жылы аудан әкімдігі 7,7 мың гектардан астам жайылымдық алқапты мемлекетке қайтарып берді. Нәтижесінде елді мекендердің шекарасы 1090 гектарға ұлғайды. Сондай-ақ, қазіргі уақытта жалпы ауданы 6,6 мың гектар болатын 8 субъектіге қатысты жұмыс жүргізілуде.

Ерлан Жаровтың сөзінше биыл ауданның инфрақұрылымына да біраз көңіл бөлінген. Тимирязев ауданының жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 135 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған. Соның есебінен Сұлы және Ақсуат ауылдарының кіреберіс жолдары қалыпқа келтірілген. Ал Мичурино елді мекенінің ауылішілік жолдары жөндеу көрген. Келесі жылы аудан ортылығы мен Докучаево ауылының жолдары қалыпқа келтірілмек. Жолмен қатар жүретін мәселелердің бірі – таза ауыз су.

Ерлан Жаров, Тимирязев ауданының әкімі
 – Бүгінде 21 елді мекеннің 17-сінің тұрғындары тәршілік нәрін топтық су құбырынан алып отыр. 230 үйдің иелері суды баспаналарына кіргізіп алды. Сондай-ақ, өткен жылы Тимирязев ауданында ауқымды жоба қолға алынған болатын. Оның аясында ауылдарда 9 су станциясы салынуда. Бұл шаруа 2 жылда аяқталуы тиіс. Осылайша, біздің ауданда суға қатысты мәселе толықтай шешімін табады.

Сөз соңында айта кетейік, Ерлан Жаров аптасына 2 рет жеке қабылдау өткізеді. Айтуынша, тұрғындардың басым бөлігі ауылішілік жолдардың сапасына қатысты шағымданады. Әкім әр мәселе міндетті түрде қаралып, кезең-кезеңімен шешілуде деді.