Қоғам

Дайындық ауылында бірден 3 нысан ашылды

 

Ауыл деген аты болмаса, тұрмыс-тіршілігі қаладан еш кем емес. Аққайың ауданындағы Дайындық елді мекені жылдан-жылға көркейіп келеді. Мәселен, осы жазда ауылда 3 бірдей жаңа нысан бой көтерген. Бүгін мейрамхана, монша және мал сою цехының салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті. Соңғы аталғанын салу үшін Шаймерденовтер отбасы 20 млн теңге жұмсапты. Оның ішінде ірі қара етін сататын дүкен де ашылып отыр.

ОЛЖАС ШАЙМЕРДЕНОВ, «Дайындық» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:
–  Өзіміз мал ұстағасын, сойып, етін сатамыз. Еттің келісі – 2000 теңге. Малды соның ішінде сойып, етін сатамыз. 3 адам жұмыс істейді. Сол жерде фарш та дайындалады. Қаладағы сияқты кесіліп, мясорубкасы бәрі бар.

Әзірге, дүкенде сиыр еті сатылып жатыр. Келешекте қойдыкін саудалау жоспарланған. Өнімді Дайындықтың тұрғындарынан бөлек, көрші ауылдардан да келіп алады екен. Енді қоғамдық монша жайлы толығырақ айта кетейік. Ол 25 адамға шақталған. Ішінде қажеттінің бәрі бар.

ОЛЖАС ШАЙМЕРДЕНОВ, «Дайындық» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:
–  Ішінде шай ішетін бөлме де бар. Моншаға 20 млн-дай ақша кетті. Қасында СТО-сы бар, өзіміздің жұмысшыларымызға арнап гараж да салып бердік.

ТАЛҒАТ РАМАЗАНОВ, Дайындық ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:
–  Моншаның салынғаны жақсы болды. Әсіресе, қыстыгүні керек. Адам басына 500-ақ теңге.

Осыған дейін ауыл тұрғындары туған күн, құдалық сынды шараларды өткізу үшін аудан орталығына ағылған. Енді мұндай қажеттілік туындамайды. 100 адам сыятын мейрамханада кез келген жиынды өткізуге болады. Нысан 2 залдан тұрады, қазақи нақыштағысы діни іс-шараларға, европалығы көңілді басқосуға арналған. Оң өзгерістерге тұрғындар да дән риза.

Блиц
– Маңызды әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Өте қуаныштымыз. Енді өзіміздің мейрамханамыз бар. Ең бастысы су өткізді. Жылу берді. Отын, шөбіміз бар. Біржан бауырыма ризамыз. Ауылды сақтап қалды.

Бұдан бөлек, биыл ауылда 8 үй салынған. Келесі жылы қолданысқа берілмек. Олжас Шаймерденов баспаналардың санын 100-ге жеткізу көзделгенін айтты. Иелері де қиындықсыз жұмыспен қамтылады.

РҮСТЕМ ЕЛУБАЕВ, Аққайың ауданының әкімі:
– Жұмыс орны бар. Мешіт, мектеп, мәдениет үйі, ФАП-тарыңыз бар. Соның барлығын қолдап, жасап жатқан Біржан мен Олжас Шаймерденовтер. Жолдарымыз да реттелді. Келесі жылға жоспарларымыз бар.

Жоспар демекші, алға қойған мақсаттар жетерлік. Келешекте сауда орталығы салынып, бильярд және теннис ойнауға арналған орындар ашылмақ.