Қоғам

80-нен астам өңір кәсіпкері жұмысшыларына баспана алуға жәрдемдесуде

 

Петропавл электротехникалық зауыты – өңірдегі тегеурінді кәсіпорындардың бірі. Таспасы өткен жылы қиылған өндіріс ошағында қазір 156 адам жұмыс істейді. Мамандардың жалақысы жоғары, қызметте де жайлы жағдай жасалған. Жұмысшылардың кейбірі, тіпті, баспанамен де қамтамасыз етілген.

ЕРСҰЛТАН ШАМШИЕВ, “Петропавл электротехникалық зауыты” ЖШС басқарма төрағасы:
–  Сәуір айында 40 пәтерлі үйді жұмысшыларымызға үлестірдік. Қазір сол баспаналарда 150 адам тұруда. Сәуір айында біз 104 пәтерлі үйді салуды бастадық. Мамыр айында кілттерді қызметкерлерімізге бермекшіміз.

Бұл үйлерді жалдауға, жылуы мен суына және өзге де коммуналдық төлемдеріне зауыт қызметкерлері айына 25-30 мың теңге төлейді. Баспаналар күн санап қымбаттаған заманда бұл жайлы баға. Дегенмен де кәсіпорын басшылығы қызметкерлерінің өз атында бір-бір баспанадан болғанын қалайды. Сол үшін де бүгін зауыт өкілдері Отбасы банкпен меморандумға қол қойды. Енді аталған өндіріс орны мен қаржы ұйымы “Арманға жол” бағдарламасы негізінде бірлесе жұмыс атқармақ. Қос жақты келісім манағы жұмыс беруші қызметкерлеріне ұсынған үйлерді сатып алуға бағытталған.

АЛМАС ЖАПАБАЕВ, “Отбасы банк” АҚ СҚОФ директоры:
– Компания басшылығы ай сайын өз жұмысшыларының біздің банктегі шоттарына 150 мың теңге салып отырады. Сондай-ақ, қызметкерлер де 200 мың теңгеден аударады. 3 жылдан кейін шот иесінің шотында 15 млн теңге қаражат болады. Бұл ақшаға азаматтар жылдық 5%-бен тұрғын үй несиесін рәсімдей алады. Осылайша, жұмыс беруші ұсынған үйлерді зауыт жұмысшылары сатып алады. Компания басшылығы оларға жөндеу жүргізілген, жиһазы бар үйлерді береді.

Қазіргі таңда “Арманға жол” бағдарламасы негізінде Петропавл электротехникалық зауытының 10 жұмысшысы шот ашқан екен. Солардың бірі – Байбол Бижігіт. Азамат 1 жыл бұрын Түркістан облысынан Кентау қаласынан отбасымен көшіп келіпті. Кәсіпорынға жұмысқа орналасқан жан аз уақыттың ішінде басшылықтан баспана кілтін алыпты. Алдағы уақытта сол үйді өз атына аударып, толығымен сатып алуға ниеттеніп отыр.

БАЙБОЛ БИЖІГІТ,
–  Айына 300 мың теңге аламын. Соның 200 мыңын Отбасы банкке салып отырамын. Жұмыс берушілер жәрдемдеседі.Үйдің 50%-ын жинағаннан кейін банкпен келісім шартқа отырып, баспананы сатып аламыз. Кейіннен қаржы құюды жалғастыра беремін. Бұдан бөлек басшылық балаларымызды мектепке орналастырып көмек беруде.

“Арманға жол” бағдарламасы арқылы Отбасы банкпен 80-нен астам солтүстікқазақстандық компания жұмыс істеуде. Бұл жұмыс берушілер қазіргі таңда 300 адамның шотын ай сайын толықтырып жатыр.