Қоғам

Зейнетақы жүйесіндегі өзгеріс

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшыларына жинақтың 50 пайызына дейінгі бөлігін жеке басқаруға беру құқығы берілмек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кешегі кеңейтілген отырысында айтты. Көп кешікпей жаңашылдыққа қатысты Ұлттық банк өкілдері пікір білдірді. Олардың сөзінше, жақын келешекте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен әзірленген Әлеуметтік кодекстің жобасына түзету енгізіледі. Соған сәйкес, салымшылардың барлығы жиналған қаржының жартысына дейінгі бөлігін активтерді басқару жөніндегі компанияға аудара алады. Өткен жұмада ұйымдастырылған Үкімет сағатында бұл мәселеге министр Тамара Дүйсенова тоқталғанын қоса кетуіміз қажет. Ведомство басшысының айтуынша, белгілі бір ұйымның шотына түскен ақшаның сақталуына және оның табыстылығына салымшы таңдап алған компания жауапты болады.