Қоғам

Өмірге құштар, өнерге ғашық жан

 

Әсел Кадирова – елордада ерекше жандар арасында өткен «Инклюзия Ханымы-2022» байқауының 2-ші орын иегері. 18 бен 35 жас аралығындағы нәзікжандылар қатысқан сайыста арулар өз өнерлерін паш етті. Ән айтты, би биледі, өлең оқыды, қолөнер бұйымын жасады, дәмді тағам пісірді. Барлығы – 3 кезең. Әсел әуелі ән айтып, кейін өзі терген әшекей бұйымын таныстырыпты. Соңында сәнді киім киген.

Нәзікжанды өмірдің мәні әрдайым алға қарай ұмтылу дейді. “Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер” демекші, Әселдің анасы да өнерге жақын кісі болған екен. Өзінің денсаулығында кінәраты бар, онымен қоса анасынан ерте айырылған нәзікжанды өмірге деген құштарлығын жоғалтпаған.

ӘСЕЛ КАДИРОВА,
– 2-ші топтағы мүгедектігім бар. Осы байқауға қатыстым. Үлкен сахнаға шығу арманым болған, сол арманымды орындадым. Таланты бар адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға айтқым келетіні. Кім айтты саған?! Тұлпарды сүрінбейді деп. Асауды мінілмейді деп. Ақ көйлек кірлемейді деп. Қара ешкі мүжіген ағаш қайтадан гүлдемейді деп. Осы ұранмен алға қарай талпынамын.

Алға қарай ұмтылған нәзікжанды қараша айында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Ел бірлігі» жобасы аясында қазақ тілінде өткен Тik tok house бағдарламасына қатысқан. Өнерлі жастар 3 топқа бөлініп, қазақша контент түсіріп, арнайы хэштегпен бөлісулері қажет болған. Іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен бірінші кезеңде 50-ге жуық жас қатысыпты. Оларға SMM-мамандар, фотографтар мен мобилографтар шеберлік сағаттарын өткізген.

ӘСЕЛ КАДИРОВА,
– Біз онда қазақи дәстүрлі контент түсірдік. Тақырыптар өте көп болды. Қайсысы өзіңе ұнайды, соны түсірдік. Қазіргі жастарға айтарым – осындай жобаларға қатысу қажет. Өз-өздеріңізді дамытыңыздар. Мүмкіндіктер өте көп, ештеңе жайдан-жай келмейді.

Қазақ тілінің келешегі ерекше толғандыратын Әсел
қазіргі жастар өз ана тілінде сөйлеп қана қоймай, оны тереңінен білуі қажет дейді.