Қоғам

Ғ.Мүсірепов ауданында уақытында игерілмеген 11 мың гектар жер қайтарылған

Игерілмей жатқан жерлерді қайтару жұмысы Ғ.Мүсірепов ауданында да қызу жүріп жатыр. Биыл 11 мың гектар қайтарылып алынған.
Келер жылы тағы 9 мың гектар алқап қайтарылуы тиіс. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында есеп берген аудан әкімі Серік Мұхамедиев мәлім етті. Өз сөзін атқамінер ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуынан бастады.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:
– Биылғы жылдың шілде айында тұрғындардың аудан бойынша жалпы еңбек ақысы 194,5 мың теңгені құрады. Яғни, 20,3%-ға өсті. Ауыл шаруашылығы бойынша 148,8 мың теңгені құрады. 20%-ға артты. Жалпы, жыл басынан бері ауданда 2130 адам жұмыспен қамтылып, 900-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Келесі жылы 909 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз.

Ауданда айтарлықтай жұмыс күші артқан. Демек, өнеркәсіпте де өсім бар. Биыл өндіріс көлемі 31,5 млрд теңгені құрады. Ауданда 1800-ден астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеп тұр. Ағымдағы жылы 18 бизнес нысаны ашылып, өз қаражаты есебінен кеңейтілген. Осылайша, жергілікті 27 жан жұмыспен қамтылған.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:
– Ұлттық жоба аясында шағын және орта бизнестің 47 субъектісіне шамамен 781 млн теңге сомаға субсидия және кепілдік түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Нәтижесінде 237 жұмыс орны құрылды. “Капатурин” ЖК жиһаз өнімдерін өндіруді кеңейтті. “Амангелдиева” мен “Жанашева” ЖК-лары қаражат айналымын арттырды. Мал шаруашылығын дамытуға, дәнекерлеу және тігін тігу қызметтерін көрсетуге, сұлулық салонын, фотостудия мен өзге де нысандарды ашуға 46 тұрғынға жалпы сомасы 56,3 млн теңге болатын мемлекеттік грант үлестірілді.

Инфрақұрылым бағытында да ілгерілеу бар. Аудандағы жолдардың жалпы ұзындығы 1045 шақырымды құрайды. Биыл аудандық маңыздағы “Новоселовка-Шұқыркөл-Беспаловка” бағытындағы трассада жөндеу жүргізілген. Бірлік ауылының кіреберісі де қалыпқа келтіріліпті. Жобалардың жиынтық құны 1 млрд теңгеден асады.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:
– Биыл бірнеше ауылда көшелер жөндеу көрді. Жалпы ұзындығы 16,3 шақырым болатын көшелерді қалыпқа келтіруге 421 млн теңге жұмсалды.
“Андреевка-Раисовка” автожолына орташа жөндеу жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Ауданда тағы 18 ауылдың көшелерін оңдау жоспарланып отыр.

Ауылдағы ағайынды таза ауыз сумен қамтамасыз ету де маңызды. 36 мыңнан астам адам тұратын 43 ауылда сапалы тіршілік нәрі бар.
Биыл Рузаевка мен Новоселовка елді мекендеріндегі таратушы желілерге жөндеу жүргізілген. Өзге екі ауылда су мұнарасы ретке келтіріліпті. Қазір Ставрополкада 723 млн теңгеге сумен жабдықтау жүйесі салынып жатыр.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:
– Келер жылы 2 ауылда су тарату желісін салуды жоспарлап отырмыз. Соңғы жылдары ауданда көшелерді жарықтандыру жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Биыл 5 ауылға 200-ден астам жарықдиодты шам орнатылды. Келесі жылы 12 ауылды жарықтандырамыз.

Ғ.Мүсірепов ауданында қоныс тойын тойлағандар да баршылық. Биыл 13 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліпті. “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасы аясында 50 адам баспаналы болды. Жақында Новоишим ауылында 50 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы бастау алды.