Аптадағы маңызды жаңалықтар

Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті

 

 

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиын барысында еліміздің биылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері қорытындыланды. Елде 11 айда экономиканың өсімі 4,6 пайыздан 2,7 пайызға дейін төмендеген. Инфляция соңғы 14 жылда болмаған деңгейге жеткен. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 19,6 пайызды құрап отыр. Мұндай ахуал жұрттың табысына және әл-ауқатына кері әсерін тигізіп отыр деді, Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ, Президент сайлау алдындағы бағдарламаны жүзеге асыру үшін арнайы жоспар қабылданғанын айтты. Барлық іс-шара уақытылы және толық орындалуы керек.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
– Азаматтарымыз нақты оң өзгерістер бүгін және қазір болады деп үміттеніп отыр. Осы үміт пен сенімді ақтау – алдымызда тұрған ең басты міндет әрі қастерлі парыз. Сондықтан, сайлау алдындағы бағдарламаны жүзеге асыру үшін арнайы жоспар қабылданды. Барлық іс-шара уақытылы және толық орындалуы керек. Әрбір министрдің, әкімнің жұмысы статистикамен, есеп-қисаппен емес, нақты нәтижемен өлшенетін болады.

Мемлекет басшысы өз сөзінде алдағы уақытта мынадай бағыттарға ерекше мән беру керек деді. Алдымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы мәселелерді шешу қажет. Еліміздегі жылу электр орталықтарының 66%-ы тозған. Ал кейбір қалаларда бұл көрсеткіш тіпті 80%-дан асып отыр. Сондықтан, Президент мемлекеттік меншіктегі мұндай объектілер бюджет есебінен жөнделуі тиіс екенін атап өтті. Ал жеке меншіктегі орталықтарды өз есебінен жаңғырту міндеттеледі. Бүгінде жылу желілері де апатты жағдайда. Олардың орташа тозуы 75%-дан асады. Үкімет бұл мәселені 3 жыл ішінде шешуі қажет. Оған 528 млрд теңге қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
– Жақында Екібастұзда болған төтенше жағдай бұл саладағы ахуалдың қаншалықты күрделі екенін айқын көрсетті. Қызметкерлердің жауапсыздығы, бақылау жүйесінің қауқарсыздығы мыңдаған адамды жылусыз қалдырды. Жауапты қызметкерлер қысты қалыпты режимде, аман-есен өткіземіз деп есеп берген. Бірақ, іс жүзінде жағдайдың қалай болып жатқанын көріп отырсыздар. Ал құзырлы мемлекеттік орган – Энергетика министрлігінің ешқандай әрекетін көрген жоқпыз, бұл мекеме апатқа селқос қарап, бейтараптық танытты. Сондай-ақ, төтенше жағдай қызметтерінің жұмысы дұрыс жолға қойылмаған.

Тағы бір маңызды бағыттардың бірі – халықтың әл-ауқатын жақсарту. Тұрғындардың ақшалай табысының өсу қарқыны соңғы 5 жылдағы ең төмен деңгейде тұр. Сонымен қатар президенттің айтуынша, елімізде қағаз жүзінде жұмыс істейтін, уақытша жұмыс істемейтін, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған және жұмыссыз деп көрсетілген 900 мыңға жуық адам бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
– Жұртшылық Үкіметтің де, барлық деңгейдегі әкімдердің де жұмысына қатысты арыз-шағым айтуда. Халықтың сөзінің жаны бар. Өйткені, шын мәнінде, күн көру қиындап барады, баға шарықтап өсуде. Қаладағы және ауылдағы тұрғындардың өмірі үшін аса маңызды инфрақұрылымның тозығы жеткен, тіпті, мүшкіл халде десек те артық емес. Мұндай кезде қол қусырып, жайбарақат отыруға болмайды. Осындай жағдай бәрімізге қауіп төндіретіні анық. Оның үстіне, келесі жыл қазіргіден де күрделі, қиын болуы әбден мүмкін.

Отырыс барысында Мемлекет басшысы Үкімет бюджеттің тұрақты болуын қамтамасыз етуі қажет деп атап өтті. Ұлттық қордың трансфертіне тәуелділіктен біртіндеп құтылуымыз қажет. Бір жылдан кейін Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын балалардың есепшотына аудара бастаймыз деді, Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
– Бұл нағыз халықтық, қоғамдық бақылаудың басталғанын білдіреді. Үкімет те, Ұлттық банк те мұны жете түсінуі керек. Тағы да естеріңізге саламын, алдағы 7 жылда Ұлттық қордың активтері 100 млрд долларға жетуге тиіс. Сондықтан, ақшаны азырақ жұмсап, көбірек табыс табу керек. Қазір бұл мәселеде олқылықтар бар. Ұлттық қордың инвестициялық кірісі өзге елдердің мұндай қорларымен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Ұлттық қордың жылдық табысы соңғы 10 жылда 1,6 пайыз болды. Сингапурдағы осындай қор 6,4, ал Норвегияның қоры 7,5 пайыз табыс тапқан. Демек, біздегі қорды басқару міндетін атқаратын органның жұмысы айтарлықтай тиімді деп айтуға болмайды.

Сөз соңында Мемлкет басшысы келесі жылдың бірінші жартысында елімізде Парламент сайлауы өтетінін мәлім етті. Нәтижесінде Президент ұсынған саяси реформалар бағдарламасына сәйкес заң шығару билігі және жергілікті өкілді органдар сапалық тұрғыдан маңызды өзгеріске ұшырайды.

 

 

Дана Ешкенова