Қоғам

Саяси көшбасшылық мектебіне қатысқан қыз-келіншектерге сертификаттар табысталды

Қыркүйек айында елімізде «Әйелдердің саяси көшбасшылығы мектебі» құрылды. Солтүстиікқазақстандықтар да жаңашылдықтан тыс қалмай, қарашада іске кірісті. Басты мақсат – нәзікжандылардың бойындағы сенімділікті арттырып, саяси көшбасшылығын дамыту. Жергілікті жердегі мектеп 20-дан астам қыз-келіншектің басын біріктірген.

Гүлбақша Мұсабаева, СҚО әйелдер күштері альянсы «Әйелдердің саяси көшбасшылығы» мектебінің жетекшісі:
– 21-25-ші қараша аралығында облысымыз бен республика бойынша ең мықты спикер, коуч, тренерлер өз білімдерімен бөлісті. Мысалы, «Әйелдер көшбасшылығы мәселесі ер адамның көзімен» тақырыбын Зарьянс деген тренер көрсетті. Доркина «Әйелдердің көшбасшылығы, құндылықтары» туралы сабақ өткізді.

Осы уақыт аралығында әйелдерге психология, ораторлық шеберлік, эмоционалдық интеллект жөнінен де дәріс берілген. Соңғы аталғандары бойынша Гүлбақша Мұсабаева тыңдаушыларға өз көрген-білгенін үйретіпті. Облыстық кітапханада нәзікжандылар мектебінің алғашқы түлектеріне сертификаттар табыс етілді. Бұл шараға Парламент Сенатының депутаты Ольга Перепечина қатысты. Сөзінше, соңғы жылдары елде кәсіппен айналысамын деген аруларға барынша қолдау көрсетілуде.

ОЛЬГА ПЕРЕПЕЧИНА, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Қазіргі уақытта әйелдердің 51 пайызы шағын және орта бизнес субъектілеріне жетекшілік етеді. 50 проценттен астамы әлеуметтік салада көзге түсіп жүр. Елімізде ошақ иелерінің саяси көшбасшылығын арттыру мақсатында арнайы мектептің ашылғандығы қуантады. Бұл -нәзікжандылардың ер адамдармен бірдей, саяси өмірге арала алатындығының бір көрінісі.

Оқытуға қатысқандардың ішіндегі ең жасы – 17 жастағы Ажар Сыздықова. Қоғам өміріне белсене араласып, ерікті болып жүрген қыз өзін жаңаша қырынан көрмек болған. Сертификатқа ие болған ол бойындағы сенімділіктің артқанын айтады.

АЖАР СЫЗДЫҚОВА,
–  Өзім тарихшы мамандығы бойынша білім алып жүрмін. Әсіресе, дүниежүзі тарихын сүйіп оқимын. Мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас, бұл ретте қыз-келіншектердің рөлі қандай екені қызықтырады. Жалпы, «Әйелдердің саяси көшбасшылығы» мектебіне қатысамын дегенімде ата-анам бірден қолдау білдірді. Жасым 18-ге жетпегендіктен, келісім-шарт жасастық.

Шара барысында өнерпаздар мың бұралып билеп, әсем әннен шашу шашты. Келесі оқыту 2023-жылдың басына жоспарланып отыр.

 

Алтынай Казиканова