Қоғам

Петропавлда тағы да су құбыры жарылды

 

Петропавлда тағы да су құбыры жарылды. Бұл жолы апат түнгі 1-лер шамасында 314-ші атқыштар дивизиясы көшесі бойында тіркелді. Мұнда диаметрі 800 мм құрайтын желі бурттан үзіліп кетіпті. Қазір жауапты мамандар бел жазбай еңбек етіп жатыр. Оқиға орнында тілшілер “Қызылжар су” серіктестігінің атқарушы директоры Арман Саутовты сөзге тартты.

АРМАН САУТОВ, “Қызылжар су” ЖШС атқарушы директоры:
–  Қайта қалыпқа келтіру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Материалдар жеткілікті. Солармен 1 тәуліктің ішінде жағдайды тұрақтандырамыз. Дәл қазіргі таңда қалада су бар. Тек Береке мен Жұмысшы кентінде қысым төмен. Көп ұзамай аталған аудандарда қысымды арттырамыз.

Оқыс оқиға көпті әуреге салды. Апаттың салдарынан облыс орталығына Бескөл ауылы жағынан кіруге шектеу қойылды. Алайда, бұл шектеу түскі 1-ден аса алынып тасталды. “Радуга” серіктестігіне тиесілі нысандардың маңын және тұрғын үй секторын су басты.

АРМАН САУТОВ, “Қызылжар су” ЖШС атқарушы директоры:
–  Жарылған құбыр соңғы рет 2009 жылы қайта қалыпқа келтірілгені мәлім. Күн суық. Температураның төмендігі мамандарға кедергі келтіруде. Бірақ, біз көпке созбай мәселені шешеміз.

“Пестрое” көліне қарама-қарсы тұста да адамдар “білек сыбана” жұмыс істеп жатыр. Техника тізгініндегі мамандар жол бойындағы суды бір жерге жинауда. Ал мына азаматтар шағын көлшікке айналған тіршілік көзін сорып алуда. Бұл ауданда Андрей Миланенко бұрыннан тұрады. Жерлесіміз судың жоқтығын түнде байқапты.

АНДРЕЙ МИЛАНЕНКО, қала тұрғыны:
– Таңертен тұрғанда су болды. Мамандар айналдырған 1-2 сағаттың ішінде біздің аудандағы үйлерді сумен қамтыды. Оларға алғысымды білдіремін. Көршілерім де ризашылықтарын білдіріп жатыр.

Айта кету қажет, өңірде күн салқындағалы Петропавлда осымен 3-ші рет су құбыры жарылып отыр.


Байболат Култанов