Мәдениет

КВН-нан “Солтүстік кубогы” халықаралық фестивалі өтті

 

Күлдіре білу – кез келгеннің қолынан келе бермейтін өнер. Облыс орталығында КВН ойындарынан «Солтүстік кубогы» халықаралық фестивалі өтті. Жас таланттардан құралған командалар ортада өз ойындарын көрсетті.

Алғаш болып шымылдықтың бетін «Чудо дети» ашты. Балалар №2 Бескөл орта мектебінен келіп отыр. Оқушылар өнерлерімен жұртты баурап алып, күлкіге қарық қылды. Олар – ойыншылар арасындағы ең жас командалардың бірі. Көрермендердің қолдауының арқасында әзіл-қалжындарын қобалжусыз паш еті. Фестиваль 9 құраманың басын біріктірді. Өнерсүйер қауымды таланттарымен таң қалдыру үшін ойыншылар көршілес Ресей елінен де келген.

ДАНИИЛ КОРОБЕЙНИКОВ, ресейлік команда капитаны,
–  Қазақстанға келмегелі көп болыпты. Бізді жақсы қарсы алды. Негізі, бұрын басқа құрамамен келгенмін. Біздің әрқайсысымыз кезінде өзге топтың қатарында өнер көрсеткен. Ойлана келе қосылып, бірге өнер көрсетуді шештік.

Сахнада өнер көрсетіп жатқандардың бірі – “Солтүстік құрама” командасы. Петропавл мен Көкшетау жастары бірігіп, құрамаға осындай атау берген.

САҒЫНДЫҚ СӘРСЕК, «Солтүстік құрамасы» командасының мүшесі
– Қазақстан Республикасының Жоғарғы лигасына өтіп, чемпион болғымыз келеді. Құрамға 2 адамды қосу жоспарымызда бар. Бұл фестивальге онлайн дайындалдық. Негізі, 2 бөлек команда болғанбыз. Солтүстіктен бір команда шықсын деген оймен қосылдық.

Ойын еркін форматта өтті. Ойын соңында қазылар алқасы жеңімпазды анықтағанша, көрермендер командалармен сұрақ-жауап ойынын ойнады.

БІРЖАН ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, «Жастар рухы» ЖҚ СҚОФ төрағасы;
–  КВН дамып келе жатыр. Жаңа командаларды көріп отырмыз. Алдағы уақытта белестерден көрінеді деген ойдамын.

Бас жүлдені “Солтүстік құрама” қанжығаларына байлады. Бірінші орынды Алматы қалсынан келген “Железобетон” командасы иеленсе, екінші орынды Қозыбаев университетінің студенттері иеленді. Үштік үздікті ресейліктер тұйықтады.


Гульден Симбаева