Экология

Орман шаруашылығы мамандары сақтық шараларын күшейтті

Алдияр Айтпаев, тілші:

– Соколов орман шаруашылығына тиесілі қалың ормандамыз. Жазда ағаштарды тілсіз жаудан қорғаған ұйым өкілдерінің жұмысы қыста да қызған. Жаңа жыл қарсаңында шыршаға деген сұраныс өседі. Мерекеге сән берер жасыл желекті кейбірі арнайы сауда нүктелерінен сатып алса, біреулер заңнын ала жібін аттап, орманнан шауып алуы мүмкін.

Сол себепті де қазіргі таңда орман шаруашылығы қызметкерлері аса қырағы. Олар күндіз-түні бел жазбай айналаны күзетуде. Бүгін таңғы сағат 9-да кезекшілікке Бағдат Наурызбаев түсіпті. Азамат ертеңгі сағат 9-ға дейін жұмыста болмақ.

Бағдат Наурызбаев, Соколов орман шаруашылығының орманшысы, Қызылжар ауданы:

 – Шыршалар жан-жақта орналасқан. Сол үшін техникамен жүреміз. Әр кезекшілікте екі адам жұмыс атқарады. 3 группа бар. Соколов орман шаруашылығында 1300 гектар қарағай бар. Биыл 166 гектар ағаш егілді. Оның 20 гектары – шырша ағаштары.

Соколов орман шаруашылығында соңғы жылдары заңсыз шырша шабу фактісі тіркелмепті.

Алексей Кучерявенко, Соколов орман шаруашылығының инженері:

– Мекемемізде 13 мобильді топ құрылды. Сондай-ақ, 2 стационарлық бекет жұмыс істеп тұр. Жергілікті тұрғындармен жолығып, профилактикалық әңгімелесу жүргіземіз. Шыршаны заңсыз шапқандарға жаза қолданатынын ескертеміз.

Енді заңнын ала жібін кескен жағдайда қарастырылған жазаға тоқталайық. Шыршаны заңсыз шапқан адамға айыппұл қарастырылған. Ал оның көлемі келтірген шығынына байланысты.

Алексей Кучерявенко, Соколов орман шаруашылығының инженері:

 – Шығын көлемі 100 АЕК дейін болса, заң бұзушы сонша айыппұл арқалайды. Яғни, 306 мың. Ал шығын көлемі одан да көп болса, тәртіпке бағынбаған адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл бойынша қарақшыға 180 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе 45 тәулікке қамауға алынады.

Заң бұзушылардың жолын кесу мақсатында облысымызда 1-ші желтоқсаннан бастап 17 стационарлық бекет пен 95 мобильді топ жұмыс істей бастады. Алдағы уақытта облысымыздың орманшылары дайындаған 760 түп шырша ағашы сатылымға шығарылмақ.

 

 

Алдияр Айтпаев