Мәдениет

Өнер колледжіне – 65 жыл

Жастар сарайында ән әуелеп, күй қалықтап тұр. Мұнда Петропавлдағы өнер колледжінің ұстаздары, студенттері, ата-аналар мен мәдениет саласының ардагерлері жиналған. Себеп ерекше, оған қоса бір емес. Биыл өнер колледжіне – 65 жыл, оған қоса оқу орнына әлем сахнасын бағындырған петропавлдық Ермек Серкебаевтың есімі берілді. Ал дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына 25 жыл толып отыр.

Мұнда көрме қанат жайған. Бұл жерде оқу орнының студенттері салған картиналарды тамашалауға болады. Өнер ордасының тәрбиеленушілері вокалдық, аспаптық, хореографиялық өнер түрлері, сонымен қатар, актерлік шеберлікке үйренеді. Бүгінде Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжінде 200-ге жуық ұл-қыз тәлім алады. Ал мектеп-интернатында 150-ден астам бала оқиды. Дені – халықаралық байқаулар мен фестивальдардың жүлдегерлері.

Рауза Қашенова, Е.Серкебаев атындағы өнер колледжі-өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешенінің директоры:

– Мектеп-колледж базасында әр түрлі өнер саласындағы мамандар дайындалады. Қазіргі таңда бұл үлкен оқу орнының оқушылары, студенттері түрлі республикалық, халықаралық байқауларда, фестивальдарде жоғары жетістіктерге ие болып жүр. Біздің парызымыз, яғни басты міндетіміз – облысымыздың түкпір-түкпіріндегі дарынды балаларға қолдау көрсету.

Мерейтойлық даталарға орай өнер ордасының ұстаздары құттықтаулар мен түрлі марапаттарға ие болды.
65 жыл ішінде өнер кешені ондаған мың маман дайындады, Көптеген түлектер үшін өнер колледжі кәсіби мансаптың бастамасы болды.

Нәзір Жәшібеков, облыстық білім басқармасының басшысы:

– Ирина Морева – Галина Вишневская атындағы халықаралық байқаудың лауреаты, қазір үлкен опера өнері театрының солисі. Әсет Әбдірахманов – халықаралық байқаулардың лауреаты, Президенттік оркестрдің бас дирижері. Самал Еслямова – “Қазақфильм” шығарған “Қызғалдақ” көркем фильмінің басты кейіпкері. Канн фестивалінде “Үздік әйел рөлі” номинациясы бойынша “Алтын пальма бұтағы” бас жүлдесін жеңіп алды. Бұлар – біздің өңіріміздің, тіпті, еліміздін атын шығарып жүрген тұлғалар.

Сөз соңында Нәзір Жәшібеков өңір жетекшісінің атынан оқу орнының ұжымын құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

Самал Жунусова