МТРА жаңалықтары

Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні

Бүгін – халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні. Осыған орай С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада қоғам белсенділерінің қатысуымен форум өтті. Іс-шара барысында бармақ басты, көз қыстылыққа қарсы тұрған 20-ға тарта жан марапатталды. Құрмет-қошеметке алғашқылардың бірі болып “Демеу” орталығының директоры Жұлдыз Саттарова ие болды. Мекеменің басты бағыты – қиын жағдайға тап болған балалар мен әйелдерге көмек беру. Бірақ, орталық мамандары жемқорлыққа қарсы күреске де өз үлестерін қосуда.

Жұлдыз Саттарова, “Демеу” балалық шақ мәселелерін үйлестіру орталығының директоры:

– “Демеу” орталығында жемқорлыққа қарсы көптеген жұмыстар атқарылуда. Биылғы жылы жаңа жобаны іске қостық. Қызылжар ауданының 1500 тұрғынының ұялы телефонына сенім телефоны көрсетілген хабарламалар жіберілді. Яғни, бармақ басты, көз қыстылық фактісін көрген немесе байқаған адамдар сол көрсетілген нөмір бойынша хабарласа алады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес аясында осыдан екі жыл бұрын Президенттің бастамасымен ел бойынша “Әділдік жолы” қоғамдық бірлестігі құрылды. Екі жылдың ішінде ұйым біршама істің басын қайырған. Мамандардың көмегіне 3 мыңнан астам қазақстандық жүгінген.
Оның ішінде өңір тұрғындары да бар.

Айнагүл Нұрахметова, “Әділдік жолы” ҚБ СҚОФ жетекшісі:

– Ұйымға жүгінген әрбір азаматқа көмек берілді. Сонымен қатар, оңды-солды жұмсалған 20 млрд теңге ел қазынасына қайтарылды. Оның 90 млн-ы облысымызға тиесілі. Республика бойынша 32 қылмыстық іс қозғалды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте ең тиімді құралдардың бірі – адами факторды алып тастау. Мұны жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев тілге тиік етті.

Сәтжан Аблалиев, СҚО әкімінің орынбасары:

– Бүгінгі таңда өңірде көрсетілетін қызметтердің 93%-ы электронды түрде алуға болады.
Өңірде жыл сайын бір көзден мемлекеттік сатып алу саны азайып келеді. Шамамен 44 млрд соммаға 26 мыңнан астам сатып алу жүргізілді. Өткен жылмен салыстырғанда бұл 26%-ға төмен. 20 басқармада 232 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталды. Оның 175-і бүгінгі күнге дейін жойылды.

Айта кетейік, Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай ел бойынша “Әділетті Қазақстан – жастардың таңдауы” атты акция бастау алды. Ұл-қыздар бармақ басты, көз қыстылық фактілерін көрген жағдайда жаңадан қосылған “1463” телефон нөміріне хабарласа алады.

 

Алдияр Айтпаев