ТЖ

Петропавлдағы жатақханалардың бірінде өрт болды

Желтоқсанның 6-сы күні Ғабит Мүсірепов ауданында өрт болып, 40 жастағы азамат қаза тапты. Өкінішке қарай, мұндай жағдай сәрсенбінің кешінде Петропавлда да орын алды. Абырой болғанда, Пушкин көшесі бойында орналасқан 5 қабатты жатақханада адам шығыны тіркелген жоқ. Бейінді департамент өкілдері ұсынған дерекке сүйенсек, 2-ші қабаттағы баспаналардың бірінде дүние-мүлік жанған. Жалын жайлы хабар алдымен сол маңдағы қоғамдық тәртіпті қадағалап жүрген Ұлттық ұлан сарбаздарына түседі. Оқиға орнына шұғыл жеткен олар бірден 101-ге қоңырау шалған. Отты жалпы саны 21 маман мен 6 техника ауыздықтапты. Өрт сөндірушілер 30 тұрғынды қауіпсіз жерге шығарған. Адамдар тілсіз жау толығымен ауыздықталғанша жергілікті билік ұсынған автобуста болыпты. Ал ыстан уланған 2 әйел ауруханаға жеткізілген. Олардың жағдайы “орташа ауыр” деп бағаланып отыр. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Байболат Култанов

REL POST ID: