Балалар

Өңірдегі патриоттық клубтарға 5 мыңға жуық бала мүшелік етеді

Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру. Осы ұстанымды берік ұстанған азаматтар жылды қорытындылады. Жерлестеріміз жыл бойына жасалған іс-шараларды жіпке тізді. Сондай-ақ, үздік мамандар құрметке бөленді. Бүгін Бәйкен Әшімов атындағы машина жасау және көлік колледжінің оқытушысы Серік Әбілев марапатқа ие болды. Ауған соғысының адагеріне облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы берілді.

Серік Әбілев, Бәйкен Әшімов атындағы машина жасау және көлік колледжінің оқытушысы:

– Колледжде дене шынықтыру сабағынан сабақ беремін. Студенттерді салауатты өмір салтына тарту арқылы еліміздің патриоты болуға баулимын. Жастар “Арлан”, “Айбын” сынды спартакиадаларға қатысады. Осы арқылы өздерінің намыстарын шыңдайды, күш-жігерлері де арта түседі.

Салтанат Төкен – Дмитрий Карбышев атындағы №40 орта мектептің болашақ түлегі. Бұрымды оқу ұясында өткізілетін барлық әскери-патриоттық шаралардан шет қалмайды. “Себебі, мұндай жиындар отансүйгіштікке баулып, ел мен жерге деген сүйіспеншілікті арттырады”,- дейді.

Салтанат Төкен, Дмитрий Карбышев атындағы №40 орта мектебінің оқушысы:

– Бала кезімнен әкем патриотизм тақырыбын көп қозғап, оның мән-маңызын жиі айтатын. Сол себепті де 1-ші сыныптан әскери-патриоттық тәрбие беру бағытындағы шараларға қалмай қатыстым. Бұл менің Отанға деген құрметімді арттырды. Менің ойымша, әр адам өз елін мақтан тұтып, оның гүлденуіне ат салысуы керек.

Биыл облыста әскери-патриоттық тәрбие беру бағытында 8 спорттық спартакиада мен көптеген жиындар өткізіліпті. Сондай-ақ, Ауған соғысының ардагерлерімен және қорғаныс істері департаментінің өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылған. Айта кетейік, қазіргі таңда өңірде 5 мыңға жуық бала патриоттық клубтарға мүшелік етеді.

 

Алдияр Айтпаев