Мәдениет

КВН ойындары өтті

Көңілді, талантты, тапқыр жастар. Қызылжарда көптен күткен КВН ойындары өтті. Сахна шымылдығын сүйкімді балақайлардан құралған «Чудо дети» командасы ашты. Шыны керек, ұл-қыздарды алғаш көргенде: «Кіп-кішкентай балалар қалай өнер көрсетеді екен?»,-деген сұрақ туындады. Өйткені, бұл – ойыншылар арасындағы ең жас команда. Дегенмен, №2 Бескөл орта мектебінің оқушылары тәтті қылықтарымен көрермендерді бірден баурап алды. Әзілдері де аға-әпкелерінен кем емес.

«Чудо дети» құрамасының киім үлгісі де өздеріне жарасып тұр. Мектеп, балабақша тақырыбында әзілдеген топ ойынға 2 апта дайындалған.

Нұрлан Жақыпжанов, «Чудо дети» командасының жетекшісі:

– Кішкентай балалармен жұмыс істеген өзіме ұнайды. Олармен дайындалған қиын. Бірақ, қиындықты жеңе білу де шеберлік. Кеше Қызылжар ауданының әкімі кубогына қатысып, 1-ші орын алдық. Ертең Мамлют ауданы әкімінің кубогы ойнатылады. Соған да қатысамыз.

КВН ойындары еркін форматта, яғни белгілі бір тақырып берілмеген. Командалар қазіргі өзекті мәселелерді астарлы әзіл, қағытпа қалжыңмен жеткізді. Әсіресе, аудандардан келген азаматтар өз жерлеріндегі жауыр болған проблемаларды тілге тиек етті.

Байқағанымыздай, залға жиналғандардың көпшілігі – қыздар. Олар әсіресе, университет студенттерінен құралған команданың шығуын асыға күткендей.

Құрама бұл ойынға тыңғылықты дайындалған. Басты мақсаттары – көрермендердің езуіне күлкі сыйлау әрі жастарға көрсетілетін мүмкіндіктер мен қолдаудың артқанын қалайды.

Рустам Кәрімов, Қозыбаев университеті командасының капитаны:

– Біз 5 жыл бойы жайдарман ойнап келеміз. Облыс әкімінің кубогын ұтып алдық және республикалық жайдарман ойындарына қатыстық.

КВН ойындары отырғандардың көңілінен шыққандай. Бұны жүздеріндегі күлкіден-ақ байқауға болады.

– Бұл жерге көңілімді көтеру үшін келдім. Өзім бірінші рет келіп тұрмын. Маған ұнады.

– Бүгінгі КВН маған ұнады. «Kaif» командасына жанкүйер болып келдім. Өте жақсы деңгейде өтті.

Жалпы, ойынға 6 топ қатысып, университет құрамасы үздік атанды. Жүлдегерлер «Кубок Севера» халықаралық фестиваліне жолдама алды. Ол желтоқсанның 11-і күні өтеді.

 

 

Алтынай Казиканова