Білім

18 әлеуметтік педагог облыстық байқауда сынға түсті

Әлеуметтік педагог баланың сабақтан бос уақытын тиімді пайдалану мәселесімен айналысады. Қажет болған жағдайда ұл-қыздарды әлеуметтік ортаға бейімдеу де сол жандардың міндеті болып саналады. Бүгін аталған мамандық иелері «Үздік әлеуметтік педагог-2022» байқауында сынға түсті. Сайыста ұстаздар жұмыс барысында қолданатын бағдарламаларын таныстырды.

Жастарды салауатты өмір салтына баулу. Бұл – Мамлют қазақ мектеп-интернатының әлеуметтік педагогы Эльмира Бәйкенованың ұстаздық ұстанымы. Нәзікжанды «Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыбындағы жоба әзірлеп әкелген.

Эльмира Бәйкенова, Мамлют қазақ мектеп-интернатының әлеуметтік ұстазы:

– Қазір қоғамда түрлі діни бірлестіктер бар. Телефондағы музыка, жастардың құлаққа тағатын наушниктері. Мұның барлығы жасөспірімдердің санасына әсер етеді. Құқық бұзушылық факторлар қайдан туындайды? Жастарды зиянды әдеттерден аулақ ұстау турасында жоба әзірледім.

16 жылдық еңбек өтілі бар әлеуметтік ұстаз мектепте жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу арналған түрлі тиімді іс-шаралар өткізеді.

Эльмира Бәйкенова, Мамлют қазақ мектеп-интернатының әлеуметтік ұстазы:

– Біз мектепте жасөспірімдермен көптеген шаралар өткіземіз: тренинг, дөңгелек үстел деген сияқты. Инспекторларды шақырып, балалармен әңгімелесу жиындарын өткізіп тұрамыз. Осының негізінде бала өзіне құнды ақпарат алады. Ата-аналармен де жұмыс жасаймыз. Оларға бала тәрбиесіне қатысты көптеген ақпарат береміз. Жиналыстарда тренинг, ойындар ұйымдастырамыз.

«Әлеуметтік педагог-2022» облыстық байқауының бірінші кезеңі қараша айында өтіпті. Үздік деп танылған 18 жоба авторы бүгін финалдық кезеңде жүздесіп отыр. Жалпы, конкурстың мақсаты – әлеуметтік педагогтардың кәсіби шеберлігін шыңдау, жасөспірімдерді тәрбиелеу бағытындағы шығармашылық ізденіске тарту. Қатысушылардың дайындаған бағдарламаларын тәжірибелі мамандар бағалап жатыр.

Гүлнәр Қасенова, Белое орта мектебінің әлеуметтік ұстазы, Қызылжар ауданы:

– Еңбек етіп жүрген уақытында олардың қандай жетістіктері бар, соларды бүгін әкеліп отыр. Біріншіден, олар дайындаған бағдарламаларын өз жұмыстарында қалай қолданады, соны байқаймыз. Оған қоса, бұған дейін қандай конкурстарға қатысты, мақалаларын қараймыз. Оқушылармен жасайтын шараларды көреміз. Олардың жобаларында қазіргі уақыттағы өзекті тақырыптар қаралған.

Үздік деп танылған ұстаздар республикалық деңгейде бақтарын сынамайды. Себебі, “Үздік әлеуметтік педагог” байқауының, әзірге, республикалық кезеңі жоқ екен. Осы облыстықтың соңында мықтылар мақтау қағаздарымен марапатталады.

 

Самал Жунусова