ТКШ

Петропавлдағы жылу құбырларының 72 пайызы тозған

Самал Жүнісова, тілші:

– Қазір біз 314-ші атқыштар дивизиясы көшесінде тұрмыз. Мұндағы жылу құбыры әбден тозған. Қазір оны жаңасына ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Айта кетейін, бұл жылу құбыры 4 көпқабатты және 70 жеке үйді жылумен қамтамасыз етеді.

28-ші жылу магистралі 84-ші жылы тартылған. 38 жыл ішінде құбырлардың біраз бөлігі жөндеу көрген. Күнделікті тексеріс барысында жауапты сала өкілдері №314 атқыштар дивизиясы көшесіндегі желінің тот басып, тесіле бастағанын байқапты. Мұның алдын алмаса қақаған қыста апат орын алуы мүмкін. Нәтижесінде жүздеген абонент жылусыз және ыстық сусыз қалуы ықтимал.

Магистралдің жалпы ұзындығы бақандай 270 шақырымды құрайды. Қазір мамандар соның 10 метрін ауыстырып жатыр. Оған 10 адам мен 6 техника жұмылдырылған. Шаруа алдағы 23 сағат ішінде аяқталмақ. “Петропавл жылу желілері” серіктестігіне қарасты №2 желілік ауданның басшысы Алексей Хоменконың айтуынша, тұрғындар сусыз немесе жылусыз қалмайды.

Алексей Хоменко, “Петропавл жылу желілері” ЖШС №2 желілік ауданының басшысы:


– Жоспар бойынша тексеріс жұмыстары күнделікті жүргізіледі. Жоғары ылғал мен жер асты сулары құбырдың бұзылуына қатты әсер етеді. Қандай да бір ақау анықталған жағдайда біз бірден желіні ауыстыру немесе жөндеу туралы шешім қабылдаймыз. Қазіргі уақытта жылу камерасы мен плиталарды ашып жатырмыз. Шаруа уақытында аяқталады.

Серіктестік өкілі тұрғындардан түсіністік танытуды сұрайды. Бұл – апатты жою емес, апаттың алдын алу жұмысы. “Мұндай шаруа уақытында жүргізілмесе, кейін опық жеп қалуымыз мүмкін”,- дейді мамандар. Айта кетейік, бүгінгі таңда қаладағы жылу құбырларының 72 пайызы тозған.

Самал Жунусова