Аптадағы маңызды жаңалықтар

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі өңір тұрғындарымен кездесті

Өңірге жұмыс сапарымен Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ержан Мырзабаев келді. Ол Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада солтүстікқазақстандықтармен кездесу өткізді. Жиын әдеттегідей баяндамадан басталды. Астанадан ат терлетіп келген азамат аймақтың даму барысына тоқталды. Жалпы көрсеткіш көңіл көншітеді.

Ержан Мырзабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі:

– Алғашқы жарты жылдықтың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 606 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылы тіркелген көрсеткіштен 2,2 пайызға көп. Өңдеу өнеркәсібіне 270 млрд теңгеге жуық инвестиция құйылды. Өңір үшін өте жақсы көлем деп айта аламыз.

Дегенмен, бұған тоқмейілсуге болмайды. Көрсеткішті одан әрі ұлғайту қажет. Жергілікті билік бұл бағытта аянбай еңбек етіп те жатыр. Көп кешікпей олардың әсері экономика мен халықтың тұрмысында сезіледі.

Ержан Мырзабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі:

– Өңірде мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту және импортты алмастыру жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша 35 инвестициялық жоба қолға алыныпты. Олардың жалпы құны 414 млрд теңгені құрайды. Бастамалардың арқасында облыста 6 мыңға жуық жұмыс орны құрылмақ.

Ержан Мырзабаев баяндамасында ауыл халқын орталықтандырылған сумен қамту мәселелесіне де тоқталды. Бүгінде өңірдегі бұл көрсеткіш 84 пайызды құрайды. Ал республикалық 90-ның үстінде. Демек, жұмысқа қарқын қосу қажет. Облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиевтің сөзінше, қазір жергілікті билік Президент тапсырмасы аясынде тер төгіп жатыр. Міндет – 2026 жылға дейін 220-дан астам елді мекендегі әр үйге тіршілік көзін кіргізу.

Сәтжан Аблалиев, СҚО әкімінің орынбасары:

– Оның ішінде 20 адам, 50 адам тұратын елді мекендер бар. Соның бәріне су жеткізу бағдарламасы жасалған. Жоспар да әзір. Қаржыландыру үздіксіз болған жағдайда біз 2026 жылға дейін жұмысты аяқтаймыз деп ойлаймын.

Қазір облыстағы жолдардың 74 пайызы жақсы және қанағаттанарлық күйде. Мақсат – көрсеткішті 95 пайызға жеткізу. Ол үшін аққайыңдар өлкесінде жылда жүздеген шақырым жол қалыпқа келтіріліп жатыр. Бұл ретте сапаға баса назар аудару қажет. Іс жүрдім-бардым атқарылса, тексеріс көз жұма жүргізілсе, қап-қап қаржы желде ұшқан қаңбаққа айналады. Мұндай сәтте жауапсыз мердігер жаза арқалауы тиіс.

Сәтжан Аблалиев, СҚО әкімінің орынбасары:

– Ақау жіберген немесе міндетін орындамаған мердігерлер анықталып жатыр. Бірнеше мекемемен жасалған шарт бұзылды. Олар “жосықсыз мердігер” санатына қосылды. Бұл жерде мердігер ғана емес, технологиялық қадағалау қызметкерлері де жауап береді.

Кездесудің екінші бөлігінде залдағы адамдар вице-министрге толғандырған сұрақтарын қоя алды. Көбін жол мәселесі алаңдатады. Ал жолаушы тасымалдаушы Болат Рахимовты субсидия жайы толғандырады.

Болат Рахимов, «Петропавл-Норд» ЖШС директоры:

– Қала ішінде жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпкерлерге республикадан субсидия бөлінуі мүмкін бе? Осыны білгім келеді.

Әзірген, бұл мүмкін емес. Кәсіпкер осындай жауап алды. Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ержан Мырзабаевтан көтерілген маңызды мәселелерді билікке жеткізіп, қарастыруды сұрады. Кездесуден кейін атқамінер тұрғындарды жеке қабылдау өткізді.

 

Байболат Култанов