Экология

Балық өсіруге болатын су қоймаларының саны артты

Кеше елордада Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Онда балық саласының даму қарқыны жайлы айтылды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің хабарлауынша, 2022 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Қазақстан 16 мың тонна өнім экспорттап, 32 мың тонна импорттаған. Арадағы айырманы қысқарту үшін болашақта билік терең өңделген балық өнімдерін субсидиялауды және салықтық жеңілдіктер енгізуді жоспарлап отыр.

Осы және өзге де оң өзгерістердің нәтижесінде аққайыңдар өлкесінде қолына қармақ ұстаған жандардың саны артуы мүмкін. Бұл туралы өңірде өткен жиында облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бейбіт Исманов мәлім етті. Оның сөзінше, биыл аймақта су қоймаларын зерттеуге жергілікті бюджеттен 23 млн теңге бөлініпті. Алынған ғылыми ұсыныстар негізінде тізім 43 айдынмен толыққан. Айта кетейік, бүгінде облыста балық өсіруге болатын 5 мыңнан аса өзен-көл бар.

 

Байболат Култанов