Спорт

Жасындай жарқ еткен чемпионның құрметіне арналған турнир

Ер есімі – ел есінде. Петропавлда даңқты жерлесіміз Азамат Нұрпейісовты еске алуға арналған қоян-қолтық ұрыстан турнир өтті. Жарыста ҚР Ұлттық ұлан академиясының 70-ке тарта курсанты бақ таластырды.

Ортада – 88 келі салмақ дәрежесіндегі спортшылар. Қос спортшы да осал емес. Оны біз кездесу барысында аңғардық. Бұл сында Төребек Мүслімовтың асығы алшысынан түсті. Саңлақ қарсыласын тізе бүктіріп, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

ТӨРЕБЕК МҮСЛІМОВ, ҚР ҰҰ академиясының курсанты:
– Қарсыласым осал болды деп айта алмаймын. Менімен шамалас. Өзі күреспен айналысқан. Жыл сайын кездесіп тұрамыз. Бүгін сәттілік серігім болды.

Жасындай жарқ еткен чемпионның құрметіне аталған турнир 2016 жылдан бері ұйымдастырылуда. Азамат Нұрпейісов – Петропавлдың тумасы. Ұлттық Ұланның сапында қызмет атқарған, кикбоксингтен талай жарыстарда ел намысын қорғаған. Чемпион 27 жасында ауыр дерттен көз жұмды.

ЕРІК НҰРПЕЙІСОВ, А.Нұрпейісовтың әкесі:
Баламның арамыздан кеткеніне 6 жылдан асты. Бірақ, аты аталып, құрмет көрсетіліп жатыр. Соның айғағы – міне, осындай жарыстар. Мен соған ризамын.

ЕРЛАН БАЙЫМБЕТОВ, жарыстың бас төрешісі:
– Жарыс Азаматтың құрметіне және академия құрама командасын іріктеу үшін арнайы өткізілуде. 1-ші және 2-ші орын алған жігіттер оқу-жаттығу жиынына қатысады. Сондай-ақ, ҚР ҰҰ чемпионатына қатысады. Ол жарыс сәуір айында Шымкент қаласында өтеді.

70 жігіт ортада 8 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті.


Алдияр Айтпаев