Спорт

Байрақты бәсекеден тағы бір жүлде

Бұл – мүгедектер арасындағы Португалияда өткен дүниежүзілік ойыннан үзінді. Байрақты бәсекеде ел намысын жерлесіміз Александр Даськов қорғады. Спортшы пауэрлифтингтен шынға түсті. Жарысқа жатпай-тұрмай дайындалып тер төккен азамат дүбірлі додада ел қоржынын күміспен қаптады. Азамат жатқан қалпында 140 келіні бастан асыра көтерген. Бүгін бізге жүрегі де, білегі де мықты спортшымен тілдесу сәті бұйырды.

АЛЕКСАНДР ДАСЬКОВ, халықаралық деңгейдегі спорт шебері:
– Португалияда жоғары деңгейде өнер көрсеттім. Ол жаққа мен жүлде үшін бардым. Өзімнің бар күшімді салдым. Өзіме деген сенімсіздік мүлдем болған жоқ. Еңбегім алтынға татитын күміспен ақталып отыр. Әр жеңісім елім мен жақындарыма арналады.

Бұл жарыста Александр Алжир елінің мықтысына ғана есе жіберіпті. Қарсылас 180 келіні еңсерген екен. Жалпы, мүгедектер арасындағы дүниежүзілік ойынға деген дайындықты Александр Даськов тамыз айының ортасынан бастапты. Өз шәкіртінің жетістігіне Руслан Долобаев та ортақтасып отыр.

РУСЛАН ДОЛОБАЕВ, Александр Даськовтың бапкері:
– Жарысқа әлемнің түкпір-түкпірінен 500-ге тарта спортшы жиылды. Пауэрлифтингтен ел намысын 5 қазақстандық қорғады. Олардың 5-еуі де жүлдеге ілікті. Оның екеуі алтын, үшеуі күміс. Александр Даськовқа келер болсам, ол өзінің мықтылығын тағы бір мәрте дәлеледі. Жоғары деңгейде өнер көрсетті. Жалпы, мүгедектер арасындағы дүниежүзілік ойында ел құрамасы 57 медальға ие болды.

Білегі тастай жерлесіміздің жетістіктері жетерлік. Спортшы жаттығатын залда әрбір жарыстан жылы естеліктер бар. Қабырлағаларда медальдар мен фотосуреттер ілініп тұр.

АЛЕКСАНДР ДАСЬКОВ, халықаралық деңгейдегі спорт шебері:
– Спорттық мансабым 8 жыл бұрын басталды. Алғашқы жарысымда 105 келіні көтердім. Содан кейін нәтижем жақсара бастады. Рекордтар тіркей бастадым. Әлем біріншілігіне қатыстым. Әлем кубогында қоланы қанағат тұттым.

Жігерлі жерлесіміз мұнымен тоқтамайды. “Алар асуым алда”,- дейді спортшы. Келер жылы ол әлем чемпионаты мен басқа да байрақты бәсекелерде бақ сынамақ.


Алдияр Айтпаев