Қоғам

Аналар кеңесінің арқасында 50-ден астам отбасыға көмек көрсетілді

 

Қиындыққа тап болған нәзікжандыларға көмектесіп, отбасындағы бірлікті сақтау. Бұл тұрғыда өңірдегі аналар кеңесі 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір ұйым «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында түрлі кездесулер өткізіп, меморандумдар жасасуда. Жалпы, мамандар әйелдерге жеке консультативтік көмек көрсетумен қатар, балаларды да назардан тыс қалдырмайды.

ЖҰЛДЫЗ САТТАРОВА, СҚО ҚХА аналар кеңесінің төрайымы
– Жастардың бойында патриоттық сезімді арттыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Енді профориентация бойынша квест өткізуді жоспарлап отырмыз. Алға қойған мақсаттарымыз көп. Келесі жылы «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясындағы жұмыстарымызды жалғастырамыз.

Бүгінгі бас қосуға өңіріміздің түкпір-түкпіріндегі аналар кеңесінің төрайымдары келіп отыр. Шал ақын ауданындағы ауылдық округтер бойынша – 18, Сергеевкада 3 ұйым жұмыс істейді екен. Биыл аталған ауданда жанұядағы берекені нығайту мақсатында бірсыпыра шаруа атқарылған. Төрайымы Нағима Біләлованың айтуынша, жас отбасылардың ажырасуы өзекті болып тұр. Ерлі-зайыптылардың проблемасын шешуге көмектесу үшін арнайы психологтар тартылған.

НАҒИМА БІЛӘЛОВА, Шал ақын аудандық аналар кеңесінің төрайымы:
–  Біздің басты мақсатымыз – отбасындағы күрмеулі мәселені біржақты ету. Егер ана бақытты болса, үй де тыныш, бала да шат болады. Сол үшін нәзікжандыларға көп көңіл бөлеміз. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылар да көмекке жүгінеді. Ұл-қыздардың мектепке дайындығын қамтамасыз ету үшін меценат, спонсорлармен байланысқа шығамыз. Биылдыққа 30-ға жуық жанұяға қолдау көрсетілді.

Аналар кеңесінің құрамына 20-дан астам этномәдени орталықтың нәзікжандылары кіреді. Құрылған ұйымның ерекшелігі де осында.

ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА, СҚО ҚХА аналар кеңесінің мүшесі:
– Бүгінгі кездесуде балалар «Зорлық- зомбылыққа қарсы» акциясына байланысты салған суреттерін көрсетіп жатыр. Кімге қандай орын берілетіні белгілі болады. Ұл-қыздардың ойы таң қалдырды. Аналар кеңесінің ең басты мақсаты – әлемде бейбітшілікті сақтау. ҚР-да ұлтаралық келісім мен бірлікті нығайту үшін әр әйел өз мәдениетін, ақылын салуы керек деп ойлаймын.

Жиында аналар кеңесімен бірлесе жұмыс істейтін жандарға алғыс хаттар табыс етілді. Сондай-ақ, республикалық ертегі жазу байқауының жүлдегерлері де марапатталды. Үздіктері жинақпен басылып шығарылады.


Алтынай Казиканова