Қоғам

Аттан құлап, ажал құшты

 

 

Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы 11 айды қорытындылады. Жыл басынан бері мұндағы мамандар 400-ден астам бұзушылық тіркепті. Оның 25 пайызы ауыл шаруашылығы саласында анықталған.

АЗАТ КӨШЕРБАЕВ, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:
– 2022-ші жылдың 11 айында 338 тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 432 бұзушылық анықталды. 122 лауазымды және заңды тұлға жалпы сомасы 19,8 млн теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі таңда 15,5 млн теңге өндіріліп алынды.

Төленбеген жалақы мәселесі әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен жоқ. Бірақ, қазір өңірде жағдай әжептәуір тұрақталған. Азат Көшербаевтың айтуынша, бүгінде облыста 1 банкрот кәсіпорын ғана 9 жұмысшысына 2 млн теңгеден астам берешек. Енді жазатайым оқиғаларды сөз етейік.

АЗАТ КӨШЕРБАЕВ, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:
– 2022-ші жылдың 11 айында облысымызда 32 жазатайым оқиға орын алды. 38 адам зардап шекті, 6 адам қаза тапты.

6 адам түрлі жағдайда қаза тауыпты. Арасындағы біреу Есіл ауданындағы Бұлақ ауылында бақташы болған екен. 74-ші жылғы азамат аттан құлап, ажал құшқан.

АЗАТ КӨШЕРБАЕВ, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:

– “Бұлақ-Астық” ЖШС-да жазатайым оқиға болды. Жұмысшы қаза тапқан жерінен табылды. Бұл жерде жұмыс берушінің де, жұмысшының да кінәсі бар.

Жұмыс беруші айыппұл мен марқұмның жақындарына өтемақы төлепті. Осы жылы Есіл ауданында тағы бір жазатайым оқиға тіркелгенін айта кету қажет. Салдарынан 2 адам мерт болған.

МИРАС САБАҒАНОВ, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:
-“Петропавл жолдары” серіктестігінің 2 жұмысшысы Есіл ауданында мерт болды. Көпірді мұздан тазалап жүргенде оларды ауыр жүк көлігі соққан. Бұл жерде тағы 3 адам жарақат алды. Жұмыс беруші 100 пайыз кінәлі деп танылды.

Ал Аққайың ауданында 96-шы жылғы жігіт саусақтарынан айрылып қалды. Ол шабындық кезінде техниканы сөндірмей, шөп престегішке қолын кіргізген. Осы кезде қолғап шынжырға ілігіп, қол шыр көбелек айналған. Қазір еңбек инспекторлары мекемелерде ұжыммен кездесулер өткізіп, тиісті ережелерді түсіндіріп жатыр. Жақында мамандар “СЕВКАЗЭНЕРГО”-да болыпты. Бұл ұйым бекерден-бекер таңдалмаған. Соңғы 3 жылда акционерлік қоғамда 8 жазатайым оқиға тіркелген.


Байболат Култанов