Қоғам

Есіл ауданында 10,2 млрд теңгеге 5 жоба іске асырылмақ

 

Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде Есіл ауданының әкімі Медет Оспанов та есеп берді.
Ағымдағы жылдың қаңтар-қазан кезеңінде аудан ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 70,2 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,7 пайызға көп.

Медет Оспанов, Есіл ауданының әкімі
– Оның ішінде өсімдік шаруашылығы саласында 56 млрд теңгені, ал мал шаруашылығы саласында 13,3 млрд теңгені құрап отыр. Ағымдағы жылы ауа райының қиындығына қарамастан орташа гектар берекелігі 18,5 центнерді құрап отыр. Майлы дақылдар бойынша – 11 центнер.

Ауданда әртараптандыру нәтижесінде соңғы 5 жылда майлы дақылдардың егіс көлемі 26,5 мың гектарға немесе 61 пайызға артқан. Бүгінде ол 68,2 мың гектарды құрайды. Мал шаруашылығы саласында да оң нәтиже бар. Соңғы 4 жылда шаруа қожалықтарының саны 41-ден 76-ға дейін өскен. Ауданда 400 басқа арналған 3 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, 2022-2023 жылдары жалпы сомасы 10,2 млрд теңгені құрайтын 5 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

Медет Оспанов, Есіл ауданының әкімі
– «Атамекен-Агро-Корнеевка» серіктестігі базасында голштино-фриз тұқымды 1350 бас сиырға арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысы бойынша жұмыстар басталды. Бұл ферманың қуаттылығы жылына 6 мың тонна сүтті құрап, сүт көлемін 16,6 пайызға ұлғайтады. Кемінде 50 адамға жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, «Азия-Тарангул» серіктестігі симментал тұқымды 800 бас сиырға арналған сүт-тауарлы ферма құрылысының жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Нәтижесінде 30 жаңа жұмыс орны ашылады.

Биыл ауданда ұзындығы 20 шақырым болатын Қарағаш ауылының кіреберісіндегі жолы қалыпқа келтіріліпті. Шаруаға 277 млн теңге жұмсалған. Сондай-ақ, көп жылдар бойы жөндеу көрмеген Тауағаш, Бірлік, Жарқайың елді мекендерінің кіреберіс жолдары оңдалды.

Медет Оспанов, Есіл ауданының әкімі
– Ауданда бір қиын учаске бар. Ол – Бесқұдық ауылына кіреберіс жол. Оның ұзындығы 25 шақырымды құрайды. Бұл жол 4 бірдей ауылды біріктіреді. Ағымдағы жылы аталған учаскеге 17 млн теңге қарастырылды. Қаржыға қажетті материалдар сатып алынды. Енді шаруаға көктемде кірісеміз. Ауылішілік жолдар да бақылауда.

Ауданда 53 елді мекеннің 24-і орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген.

Медет Оспанов, Есіл ауданының әкімі
– Биылғы жылы су мәселесіне қатысты біраз шаруа атқарылды. Атап айтқанда, Қарағаш, Волошинка секілді ауылдарда су тазарту жүйесі жаңартылды.

Бұлақ ауылында да ауқымды шаруа жүргізілуде. 826 млн теңгеге сумен жабдықтау желілері жаңғыртылуда. Іс қыстың алғашқы айының соңына дейін аяқталады деді Медет Оспанов.


Дана Ешкенова