Қоғам

“Ауыл Аманаты” бағдарламасы таныстырылды

 

 

Елдің дамуындағы әйелдің рөлі. Бүгін Петропавлда осындай атаумен ауқымды форум өтті. Іс-шараны аманаттықтар ұйымдастырған.

Форумға ауылдық жерде тұратын әйелдер, соның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар, көпбалалы жандар, мемлекеттік қызметшілер мен кәсіпкерлер, депутаттар қатысты. Алдымен “АМАНАТ” партиясының облыстық филиалының атқарушы хатшысы Әсем Рахметова сөз алып, қазіргі заманда әйелдердің қоғамдағы рөлі орасан екенін атап өтті.

 Әсем Рахметова, “АМАНАТ” партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы
– Өздеріңіз білесіздер, жер шарындағы барша халықтың шамамен 50 пайызы – әйелдер. Бұрындары нәзікжандылар мүлдем қоғам өміріне қатыспайтын. Алайда, бүгінгі таңда жағдайдың өзгергенін көріп отырмыз. Ол үшін мемлекет те жағдай жасап отыр.

Қазіргі таңда еліміздің қоғамдық-саяси өмі­ріне белсене араласып, мемлекеттік секторда және бизнес саласында іскерлігімен таны­лып жүрген нәзікжандылар жетерлік. Мәселен, біздің өңірде қыз-келіншектердің 60%-ы мемлекеттік қызметте еңбек етеді. Олардың 30 пайыздан астамы – басшылық лауазымда. Жергілікті депутаттардың 30 пайызы – әйел адамдар. Бір сөзбен айтқанда, бүгінде елде саясаттағы нәзікжандылардың санын арттыру – басты назарда. Сондықтан, бүгінгі форумда әйелдер кәсіпкерлігі, әйелдер көшбасшылығы, қаржылық сауаттылық сынды тақырыптар қаузалды. Іс-шараға арнайы қатысқан елордалық «Ұлы Дала» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығының президенті Ақмарал Бекмұрзаева “Ауыл Аманаты” бағдарламасын таныстырды.

 Ақмарал Бекмұрзаева, «Ұлы Дала» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығы» ҚБ президенті, Астана қаласы
– “Ауыл Аманаты” бағдарламасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарына табысын, өмір сүру сапасын арттыруға көмектесу. Бұл жоба елімізде 2019 жылдан бері пилоттық түрде жұмыс істей бастады. Бағдарлама аясында ауыл тұрғындары жылдық мөлшерлемесі 2,5%-бен жеңілдетілген несие алып, техниканы лизингке ресімдей алады. Бірақ, несие алушылар міндетті түрде округте ауылшаруашылық кооперативін құруы қажет. Қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді.

“Ауыл Аманаты” бағдарламасы аясында несие 7 жылға беріледі. Ең жоғары сома 2500 АЕК көлемін құрайды. Бұл – шамамен 8 млн теңге. Ақмарал Бекмұрзаеваның сөзінше, аталған жоба елді мекендерде тұратын нәзікжандыларға нәпақа тауып, өзін кәсіпкерлік салада дамытуға мүмкіндік береді.


Дана Ешкенова