Қоғам

Бас бостандығынан айырылғандар баспанаға ақша жинай алады

 

Тар қапаста жүріп, хан сарайындай өз үйіне ақша жинай алады. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен Отбасы банкі арасында меморандум жасалды. Құжаттың маңызы зор. Оның аясында сотталғандар депозит ашады. Түзету мекемелерінде еңбек етсе, тапқан табысының жартысы жинаққа аударылады. Әрине, алғашқы жарнаны жинау оңай емес. Бірақ, теңіз тамшыдан құралатынын ұмытпау қажет.

ҚАНАТ СҮЛЕЙМЕНОВ, СҚО бойынша ҚАЖД №50 мекемесінің бастығы:
– Сотталғандарды жеке кәсіпкерлер жұмыспен қамтиды. Оларға тұрақты түрде жалақы төленеді. Оның жартысы мемлекетке немесе зардап шеккен тұлғаға аударылады. Ал қалған 50%-ы азық-түлік алуға жұмсалады немесе жазасын өтеушілердің жақын туыстарына жіберіледі. Міне, енді осы ақшаны депозитке салуға болады.

Депозит оп-оңай ашылады. Алдымен сотталған адам мекеме бастығының атына арыз жазуы тиіс. Ары қарай іске банк қызметкерлері кіріседі. Олар болашақ клиенттеріне ақыл-кеңес береді. Ниет танытушылар бар. Қазірдің өзінде өңірде жазасын өтеп жатқандардың 30%-ы салымшы атанғысы келетіндерін айтыпты.

АЛМАС ЖАПАБАЕВ, «Отбасы банк» АҚ СҚОФ директоры:
–  Сотталғандар да біз сияқты адамдар. Олар бостандыққа шыққан соң ұзақ жылдар бойы жинаған ақшаларымен үйге үміт арта алады немесе шоттан шешіп алуларына болады. Шарттарымыз бәріне ортақ. Депозит ашып, қаржы жинаған клиентке жылдық сыйақы аударылады.

Бүгін Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде тағы бір меморандумға қол қойылды. Бұдан былай сотталғандарға медициналық көмекті мекеме өкілдері емес, аурухана қызметкерлері көрсетпек.


Байболат Култанов