ТЖ

9 көпқабатты үй мен бірнеше шағын нысан сусыз қалды

 

 

Бұл бейнежазба әлеуметтік желіде лезде тарап кетті. Түнде әрі қақаған қыста толассыз төгіліп жатқан суға қарап денең түршігеді. Жұмабаев көшесінде негізгі су құбырларының бірі жарылып, 15 көпқабатты үй мен облыстық балалар ауруханасы сусыз қалды. Соңғысына «Қызылжар су» серіктестігінің мамандары амал тауып, 1,5 сағаттан кейін су берген. Жан-жаққа жайылған су арнайы қондырғымен сорылып алынып, ақаудың себебі анықталды.

ЕРБОЛ НӘБИЕВ, «Қызылжар су» ЖШС бас инженерінің орынбасары:
–  Құбырдың қосылған жерлері жарылған. Қазір апат орнында қалыпқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Тіршілік көзінсіз қалған 15 тұрғын үйдің 6-ауына су берілді.

Жөндеу жұмыстарына 11 техника мен 30 адам жұмылдырылған. Мамандар түні бойы жұмыс істеген.

ЕРБОЛ НӘБИЕВ, «Қызылжар су» ЖШС бас инженерінің орынбасары:
–  Кеше бірінші кезекте облыстық балалар ауруханасына су берілді. Ал маңайда тұратын тұрғындарға түні бойы су жеткізіп отырдық. Бұл жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта 9 көпқабатты үйде, нан-тоқаш комбинаты мен шағын нысандарда су жоқ.

Бұл құбыр былтыр ғана жөндеу көрген. Диаметрлі 800 мм-лік құбырдың 308 метрі ауыстырылған. 101 млн теңгеге жөнделген құбыр қыс түскенде сыр берді. Бұл – бір жерден кеткен ақау. Алдағы уақытта өзгелері де ажырап кетпей ме деген заңды сұрақ туындайды. Сол себепті, жаңа салынған құбырдың қалған бөлігі алдағы уақытта бақылауда болады деді “Қызылжар су”-дың мамандары. Айтпақшы, құбырды жөндеген “Қызылжар су” емес, астаналық «РемСтройСервисПВ» серіктестігі. Нысанның кепілдік мерзімі әлі таусылған жоқ. Қалған нысандарға тіршілік көзі нақты қашан берілетіні белгісіз.


Самал Жунусова