Мәдениет

Жергілікті бишілер халықаралық байқауда 2 бірдей гран-при жеңіп алды

 

Петропавлдық бишілер халықаралық байқауда биіктен көрінді. «Арт-класс» ұжымы Астана қаласында өткен байқауда сәтті өнер көрсетіп, 2 гран-при, 7 алтын мен 4 күміс медаль жеңіп алды.

«Арт-класс» ұжымы осыдан 7 жыл бұрын құрылыпты. Алайда, сахнаны бағындыруды 1-2 жыл бұрын ғана бастаған. Себебі, ұжымның бағыты – тек классикалық билер. Ал мұндай билерді көрермендер назарына ұсыну үшін ұзақ уақыт жаттығып, дайындалу қажет дейді, “Art-класс” балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы шеберханасының жетекшісі Ксения Радионова.

Ксения Радионова, “Art-класс” балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы шеберханасының жетекшісі:
– Біз өте жас ұжымбыз. Бағындырар белестер әлі көп. Бұған дейін Ресей елінде де өнер көрсетіп, биіктен көріндік. Біздің ұжымды жұртшылық енді-енді танып жатыр. Барлығы – 120-ға жуық бишіміз бар. Біз тек классикалық билерді билейміз. Оның ішіне классикалық балет те кіреді.

“Art-класс” шеберханасы тәрбиеленушілерінің жасы әр түрлі: 7-ден 18-ге дейін. Астана қаласында жуырда өткен халықаралық “Dance Heroes” байқауына ұжымның 44 мүшесі қатысыпты.

 Ксения Радионова, “Art-класс” балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы шеберханасының жетекшісі:
– Халықаралық байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен мың жарымға жуық биші қатысты. Жұртшылық назарына барлығы – 184 конкурстық нөмір ұсынылды. Әрине, бәсеке жоғары болды. Дегенмен, біз өз мүмкіндіктерімізді сынап, өзгелермен тәжірибе алмастық деуге болады.

Жергілікті ұжым халықаралық байқауға қатысу үшін тынымсыз еңбектеніп, ұзақ уақыт бойы дайындалған. Еңбек пен талпыныстың нәтижесінде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанды. Байқауда қыздар 13 би билеген.

Астана сахнасында үздік өнер көрсеткендердің бірі – 8 жасар Амира Қонарбай. Жеткіншек балетпен небәрі 2 жыл айналысады.

Амира Қонарбай, “Art-класс” балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы шеберханасына қатысушы:
– Мен жақсы биледім. Мағын бәрі ұнады. Мен 2 жыл балетке қатысамын. Билеген кезде мен шынығамын, арқамды дұрыс ұстай білемін. Мен көп билеп, тағы да гран-при, 1-ші орын алғым келеді.

Жас өнерпаздар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Бишілер өңір намысын ары қарай да қорғап, биік шыңдарды бағындыруды жоспарлап отыр.


Дана Ешкенова