Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімдігінде актив отырысы өтті

 

Облыс әкімдігінде актив отырысы өтті. Жиында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жұртшылыққа облыс әкімінің лауазымына жаңадан тағайындалған Айдарбек Сапаровты таныстырды. Сондай-ақ, Премьер-Министр өңір басшылығының алдында аққайыңдар өлкесінің экономикалық және әлеуметтік салаларын жан-жақты дамыту міндеттері тұрғанын атап өтті. Жыл сайын Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік маңызы бар нысандар ашылып, оларды іске асыруға қомақты қаржы құйылуда. Атап айтқанда, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 3,3 мың оқушыға арналған 4 жаңа мектеп ашылады. Ауылдағы денсаулық сақтау бағытын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру аясында 46 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу және 1 аудандық аурухананы жаңарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, ауылдық елді мекендерде аграрлық сектордың инфрақұрылымын, кәсіпкерлікті дамыту және жалпы ауылда өмір сүру сапасын жақсарту жөнінде шаралар қабылданатын болады. Өз кезегінде облыс әкімі аталған мақсат-міндеттерді толығымен және сапалы іске асыруы қажет, – деді Әлихан Смайылов. Сонымен қатар, Үкімет басшысы жаңа инвестициялық жобалардың іске қосылуын бақылауда ұстау және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу, өңірдің энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымын дамыту жөнінде кешенді шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.


Дана Ешкенова