Аптадағы маңызды жаңалықтар

Айдарбек Сапаров – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі

 

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі ауысты! Енді Президенттің тағайындауымен аққайыңдар өлкесін теріскейліктерге жақсы таныс Айдарбек Сапаров басқарады. Дауыс беру жиыны Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың қатысуымен Оқушылар сарайында өтті. Мұнда Үкімет басшысы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарына Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 кандидатураны қарастыру жөніндегі хатын оқыды. Үміткерлер – Айдарбек Сапаров пен қала әкімі Руслан Аңбаев. Нәтижесінде 153 халық қалаулысының 118-і алғаш аталған кандидатқа таңдау жасады. Өңірдің 56 жастағы жаңа басшысы – Мағжан Жұмабаев ауданының тумасы. Бірнеше жоғары білімі бар. Естеріңізге сала кетейік, Айдарбек Сейпілұлы 2010 және 2019 жылдар аралығында облыс әкімінің орынбасары, кейін бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Ал осыған дейін Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі лауазымын атқарып келді.


Байболат Култанов