Білім

Алдағы жылдары Қазақстанда 400-ге жуық мектеп салынады

 

 

Алдағы жылдары Қазақстанда 400-ге жуық мектеп салынады. Білім ұялары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтермек. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мектеп инфрақұрылымын жаңғырту үшін дайындалған. Нәтижесінде 842 мың ұл-қызға арналған жаңа форматтағы оқу ошағын салу жоспарланып отыр. Премьер-Министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мектептер қажетті оқу жабдықтарымен, түрлі пәндік кабинеттермен, бейнебақылау және дыбыстық хабарлау жүйелерімен жабдықталады. Жаңа нысандарда оқушыларға арналған жеке шкафтар да болады. Заманауи талаптарға сай келетін мектептер бірыңғай стандарт бойынша ауылда да, қалада да салынбақ. Сонымен қатар, ерекше білім қажеттіліктері бар балалар үшін жағдай жасалынады. Білім ұяларында компьютерлік сыныптар мен зертханалар, шеберханалар да болады.


ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР Премьер-Министрі:
– «Бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар қарастырылған. Әр блоктың өз асханасы мен спорт залы болады. Мектеп ішінде оқулықтар мен жеке заттарды сақтауға арналған жеке шкафтар орнатылады. Осылайша, оқушылардың ауыр сөмкелерін біршама жеңілдетуге мүмкіндік туады».
Үкімет басшысы 2023-2025 жылдары Қазақстанда 401 жайлы мектеп салу көзделіп отырғанын айтты. Жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 2,6 трлн теңге бөлінді.


ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР Премьер-Министрі:
– «Жобаны іске асыру балалардың жақсы білім алуы үшін қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді. Өңір әкімдері жыл соңына дейін жер учаскелерін бөліп, инженерлік коммуникацияларды жүргізу мәселесін мұқият ойластыруы қажет».

Әлихан Смайылов Оқу-ағарту министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, ұлттық жобадағы іс-шаралардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.


Алтынай Казиканова