Қоғам

Жамбыл ауданының 250 тұрғыны тіршілік нәрінен таршылық көріп отыр

Аудан әкімдерінің есеп беруі жалғасуда. Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Жамбыл ауданының басшысы Марат Ескендіров артта қалған 10 айды қорытындылап, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Атқамінер өз баяндамасында алдымен ауыл шаруашылығына жіті тоқталып өтті. Биыл бұл салада біраз оң өзгеріс орын алыпты.

Марат Ескендіров, Жамбыл ауданының әкімі
– Ағымдағы жылы 10 айы бойынша ауданда 72 млрд теңгеге өнім шығарылды. Ауыл шаруашылығындағы өсім өткен жылмен салыстырғанда 28 пайызға артқан.

Бүгінде барлық ауданда тауарлы-сүт фермасы қос-қостан тұрғызылған. Алайда, Жамбыл ауданында әлі күнге дейін мұндай кешен жоқ. Бұл мәселе көп ұзамай шешілмек.

Марат Ескендіров, Жамбыл ауданының әкімі
– Бізде «Алисарай» серіктестігі алғаш болып тауарлы-сүт фермасын тұрғызып жатыр. Құрылылыс жұмыстары 2023 жылдың күзіне қарай аяқталады деп жоспарланған. Кешенге қажетті барлық жабдық сатып алынды. Кәсіпорын басшылығы біртіндеп шет елден асыл тұқымды ірі қара жеткізуде. Сондай-ақ, келесі жылы Миролюбово ауылында 1200 басқа шақталған тағы бір кешеннің құрылысы басталмақ. Тағы Казанка елді мекенінде қарақұмық өңдейтін цех тұрғызу жоспарланған.

Бүгінде Жамбыл ауданында 48 елді мекен бар. Оның 41-і орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылған. Яғни, халықтың 82 пайызы тіршілік нәрін үйден тұтынып отыр. Өкінішке қарай, 250-ден астам адам тұратын Жаңажол ауылында жағдай мәз емес. Атқамінер бұл түйткілді шешу үшін 24 шақырым жерде орналасқан Қарақамыстан құбыр тарту қажет дейді.

Марат Ескендіров, Жамбыл ауданының әкімі
– Осы жылы бұл жобаны республикалық бюджеттік комиссия қолдаған жоқ. Облыстық басқарманың айтуынша, келер жылы қаражат бөлінуі тиіс. Әзірге, бұл ауылдың тұрғындары 4 құдықтан су алуда. Бірақ, оның сапасы төмен әрі көлемі де азайды.

Марат Ескендіров өз баяндамасында тағы бір маңызды мәселеге тоқталып өтті. Бүгінде Жамбыл ауданындағы жолдардың 33 пайызы көңіл көншітпейді. Биыл облыстық бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлініп, ондаған шақырым қалыпқа келтіріліпті.

Марат Ескендіров, Жамбыл ауданының әкімі
– Бауман ауылына дейін 35 шақырым жөнделді. Сосын Петровканың жолын қалыпқа келтіруді сұраған болатынбыз. Оған толық қаражат бөлінген жоқ, іс келесі жылы жалғаспақ.

Жамбыл ауданына қарасты 2 елді мекенде интернет мәселесі де өзекті. Проблеме шешіліп жатыр. Қазіргі таңда Петровка ауылына «Қазақтелеком» АҚ-ның көмегімен сымсыз интернет тартылып жатыр. Келесі жылы оң өзгеріс Буденное селосында да орын алады.


Дана Ешкенова