Аптадағы маңызды жаңалықтар

ПЕТРОПАВЛДА ЖАҢА ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚ САЗДЫ-ДРАМА ТЕАТРЫ АШЫЛДЫ

 

Көптен күткен, көппен күткен айтулы күн! Өнерсүйер қауымға айтуға асықпыз. С.Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театрының су жаңа ғимаратының таспасы қиылды. Көздің жауын алатын нысаның ашылуына ҚР мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қатысты. Бірінші болып елордалық мейман мен облыс әкімі бастаған бір топ қауым мәдениет ошағын аралады. Кейіннен азаматтар үлкен залға кіріп, сахнаға көтерілді.

 

ДӘУРЕН АБАЕВ, ҚР мәдениет және спорт министрі:
-Бүгін біз сіздермен тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Теріскейдің темір қазық театры жаңа ғимаратқа кіріп, қазақ өнері, ұлт руханияты үлкен қуанышқа кеңеліп жатыр. Еңсесі биік өнер шеберханасы ұлт руханиятының қазынасын еселейді деп сенемін. Жаңа шаңырақтан тың ізденістер күтеміз. Қысы суық болғанмен құшағы ыстық Қызылжар аман болсын! Жаңа нысан болашақ ғибрат ордасына айналсын!

Жерлестерінің қуанышымен әйгілі актриса Самал Есләмова да бөлісе келіпті. Бүгінгі күн ол үшін де ерекше. Себебі, нәзікжанды С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында шеберлігін шыңдап, кино саласына қанат қақты.

САМАЛ ЕСЛӘМОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
-Театр ұжымына тілерім тек қана жақсылық. Сахнада жақсы қойылымдар сахналансын. Көрермен әрдайым қуанып жүрсін. Бақытты болыңыздар. Денсаулықтарыңыз мол болсын!

Жерлестерін өңір жетекшісі де құттықтады. Құмар Ақсақалов алдағы уақытта бұл сахнада көрерменді тек театр ұжымы ғана емес, басқа да әртістер қуантатынын айтты.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бұл жай ғана театр емес. Бұл – мәдениеттің рухани ошағы. Қоғамды дамыту үшін тек қана экономика ғана емес, мәдениетті де дамыту қажет. Осы сахнада халықаралық деңгейдегі театр фестивалі өтсін дейміз. Музыка, классикалық музыка, конкурстер өтсе екен деп армандаймыз. Біз тиісті қаражатты бөлеміз.

Су жаңа нысанның ашылуын көпшілік асыға күткені анық. Салтанатты шараға жерлестеріміз көптеп жиылды. Өнерсүйер қауым ғимараттың ерекшелігін айтып, таңданыстарын жасырмады.

БЛИЦ:
– Бәріміз қуанып жатырмыз. Құтты болсын! Бүгінгі шараға арнайы ауданнан келіп отырмын.
– Бұған дейінгі театрға үнемі баруға тырысып жүрдім. Енді жаңа ғимаратта болатын спектакльден мүлдем қалмаймын.
– Қуанышымыз сыймай жатыр. Өте керемет салынған. Солтүстік Қазақстанның Қызылжары өсе берсін!

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші
– Су жаңа театр бұған дейінгі қара шаңыраққа мүлдем ұқсамайды. Нысан кең, дизайны да ерекше. Актерлерге де жайлы жағдай жасалған. Өнерпаздар үшін дайындыққа арналған зал және гримерлік бөлме қарастырылған. Айта кетейік, бұрынғы театрдан қарағанда мұндағы сахна 5 есеге үлкен.

Театр барлық заманауи жабдықтармен жабдықталған. Дыбыс пен жарық барлық стандарттарға сай. Көрерменге арналған орындықтар да жайлы. Енді жаңа театрға талантты актерлерді көбірек тарту керек. Бұл істі де мәдениет ошағының басшылығы біржақты етіп жатыр. Алдағы уақытта елордадан жас әрі өнерлі өнерпаздар келмек.

БІРЖАН ЖАЛҒАСБАЕВ, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры:
– Құрамды кеңейту үшін біз Темірбек Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының басшылығымен келіссөз жүргіздік. Келер жылы бітіретін 4-ші курстың 23 түлегін осында әкелеміз. Олар ұзтаздарымен бірге дипломдық қойылымдарын қояды осында және біздің спектакльдерге қатысып отырады. Қолдарына дипломдарын алғаннан кейін олар осында қалулары әбден мүмкін.

Бүгін су жаңа ғимараттың шымылдығы да ашылды. Сахнада алғашқы беташар қойылым сахналанды. Дәлірек айтсақ, көрермен назарына С.Мұқановтың “Аққан жұлдыз” романының желісімен сахналанған “Шоқан” тарихи драмасы ұсынылды.


Алдияр Айтпаев