Билік

Тайынша ауданына әкім тағайындалды

Тайынша ауданына әкім тағайындалды. Енді ауданды ветеринАрия басқармасының бұрынғы басшысы Берік Әлжанов басқармақ. Атқамінерді жергілікті мәслихат депутаттарына өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов таныстырды.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Берік Ақылжанұлы 46 жаста. Солтүстік Қазақстан облысының тумасы. Ветеринария және қаржы мамандықтары бойынша 2 жоғары білімі бар. Білімді, тәжірибелі азамат. Ауыл шаруашылығын жақсы біледі.

Ал халық қалаулылары кандидатураны бірауыздан мақұлдады. Бұдан соң Берік Әлжанов жергілікті активке таныстырылды. Жиында жаңа әкімге бірқатар тапсырма жүктелді. Бірінше кезекте – ауыл шаруашылығы. Жері кең, топырағы құнарлы Тайынша ауданында ескірген техниканың үлесі жыл санап артып барады.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Сараптамаға сүйенсек, Тайынша ауданындағы ауыл шаруашылығы техникаларының 75 пайызы 10 жылдан артық қолданыста. Бұл мәселеге мән беру қажет. Қазір техникаға жұмсалған шығынның бір бөлігі мемлекет тарапынан өтеледі. Осы мүмкіндікті пайдалану керек.

Берік Әлжанов ауыл шаруашылығы саласында әжептәуір тер төккен. Істің қыр-сырын бес саусағындай біледі. Білікті маман Тайыншада мал санын арттыруға бар күш-жігерін салуы тиіс. Себебі, іргедегі Аққайың ауданында тұяқтылардың саны басым.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Аққайың ауданында мал саны 2 есе көп. Оның үстіне аққайыңдық шаруалар тиімді жұмыс істеуде. Тайыншалық кәсіпкерлер өздеріңіздегі «Зеленые Луга» серіктестігінен үлгі алуы тиіс. Аталған агроқұрылымға 2018 жылы 199 бас гольштейн тұқымды төртаяқты әкелінді. Қазір тұяқтылардың саны 700-ден асып жығылады. Кәсіпорын қызметкерлері күніне 10 тонна сүт немесе 2 млн теңгенің өнімін өндіреді.

Жол жөндеу мен халықты сапалы сумен қамту – күн тәртібіндегі мәселе. Қазір Тайынша ауданында қос бағытта да жұмыс атқарылып жатыр. Шаруа басты назарда болуы тиіс. Іске қолдау қажет болса, басшылық қарап қалмауы қажет.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Тайынша ауданының тұрғындарын сумен қамту үшін қыруар қаржы бағытталды. Жоспарланған жұмыс аяқталғасын 7 жарым мыңға тарта адам оң өзгерісті сезінеді. Бұл істе түрлі қиындықтар туындауы мүмкін. Мұндай жағдайда бірлік керек. Мысалы, су құбырын тартушы немесе жол жөндеуші мердігер қандай да бір мәселеге тап болса, фермерлер техникамен көмектесе алады. Осындай тәсілдерді қарастырған жөн.

Келесі жылға дейін бірнеше ай бар. Құмар Ақсақалов аудан басшысына жыл соңына дейін атқарған жұмысынан қорытынды шығарып, алдағы уақытқа жоспар әзірлеуді тапсырды.

БЕРІК ӘЛЖАНОВ, Тайынша ауданының әкімі:
– Бар күш-жігерімді саламын. Тапсырмаларды орындауға тырысамыз.

Естеріңізге сала кетейік, Берік Әлжанов – Есіл ауданының тумасы. Ол бұған дейін ветеринАрия басқармасын 3 жыл басқарды.

Байболат Култанов