Денсаулық сақтау

Повозочное ауылындағы дәрігерлік амбулатория жөндеу көрді

Шал ақын ауданына қарасты Повозочное ауылында 11 көше бар. Былтыр оның 8- і, яғни 5 шақырым жол жөнделді. Маңызды іске «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 74 млн теңге қаражат бөлінген. Ал мынау – жөндеу көрген жолдардың бірі. Бұл – Приишим дәрігерлік амбулаториясына дейінгі аралық. Аталған нысан биыл күрделі жөндеуден өтті. Шамамен 56 жыл бұрын салынған ғимарат әбден тозған екен. Приишим дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Құнарбай Байзақовтың айтуынша, емдеу орны бұрын белгілі бір себептермен жабылып, 2010 жылы қайта ашылған. Сол кезде жаңа жылыту жүйесі салыныпты. Бірақ, уақыт өте келе ол да ескіріп, жөндеуді қажет еткен.

ҚҰНАРБАЙ БАЙЗАҚОВ, Приишим дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері, Шал ақын ауданы:
– Жақында жөндеу жұмыстары аяқталды. Төбеден су ағатын. Оған біраз жұмыс жасалды. Сонымен қатар, шатырын ауыстырып, жылу жүйесі жөнделді, қабырғалары ақталды.

Бұл маңызды іске облыстық бюджеттен 600 мың теңге бағытталған. Ал жергілікті «Агро Север» серіктестігі қалған шаруаны өз қолына алып, жөндеу жұмыстарын жүргізген. Жалпы, Приишим дәрігерлік амбулаториясына 5 ауыл қарайды. Бұл – шамамен 1600 адам. Қазіргі уақытта емдеу мекемесінде 12 адам еңбек етіп жатыр.

ҚҰНАРБАЙ БАЙЗАҚОВ, Приишим дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері, Шал ақын ауданы:
– Кадр мәселесі бойынша бізге бір лаборант керек, күндізгі стационар ашатын болсақ, міндетті түрде анализ алатын жер болуы керек. Әйтпеген жағдайда күндізгі стационар аша алмаймыз. Дей тұрғанмен халыққа сәл болса да көмек. Дәрілерін алады. Енді жаңа көлік берсе жақсы болар еді.

Приишим дәрігерлік амбулаториясына жақын жерде хоккей алаңы орналасқан. 2020 жылы салынған нысанды алдағы уақытта жабық үлгіде жасау жоспарланып отыр. Бұл балалардың қысы-жазы спортпен айналысуына мүмкіндік бермек.

Самал Жунусова