ҚоғамБизнес және экономика

3 мыңнан астам қызылжарлық өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр

“Жұмыспен қамтудың қосымша шаралары” бағдарламасы. 2018 жылы облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың бастамасымен жүзеге асырала бастаған жобаның жемісін бүгін де Сергей Белоусов көріп отыр. Бастапқы жылдары кәсібін қос ара отбасымен бастаған азаматтың қазіргі таңда ісі өрге домалап келеді. Бүгінгі күні оның иелігінде жолақтылардың 11 жанұясы бар.

СЕРГЕЙ БЕЛОУСОВ, Пресновка ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Бұл істі бастамас бұрын бір жыл жұмыссыз жүрдім. Омарташылыққа бала күнімнен қызығатынмын. 2 ара жанұясын сатып алуға жергілікті шаруа қожалықтары көмектесті. Жолақтыларды күтіп-баптауды әлеуметтік желілерден көріп, үйрендім. Биыл 500 келіге жуық бал жинадым. Өнімді сатып, пайда көрдім. Жыл сайын жарғаққанаттыларды ауыстып отырамын. Келесі жылға 15 ара жанұясын алуды жоспарлап отырмын.

Қызылжар ауданында жеке кәсібін ашқандардың тағы бірі – Юсуфәли Шералиев. Азамат көкөніс өсіру шаруашылығын қолға алған. Картоп, қияр, қырыққабат. Қазіргі таңда 6 гектар жерде көл-көсір өнім өсуде. Бау-бақша күтіміне Шералиевтер әулетінің әрбір мүшесі ат салысады.

ЮСУПӘЛИ ШЕРАЛИЕВ, Соколовка ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Басында 1-2 гектарға қырыққабат пен картоп ектік. Жылдан-жылға жеріміз кеңейіп жатыр. Оған жергілікті және аудандық әкімдік көмектесуде. Қырыққабатты қазан айында кесеміз. 15-20 тонна шығып қалар. Жаңбыр болмауына байланысты егілген картоп қандай өнім берерін білмейміз. Бірақ, бүгінге дейін 15-20 тоннасын жинап алдым. Тағы 50-60 тонна шығады деген сенімдеміз. Тұқымды Голандиядан алдыртамыз. Жергілікті, ресейлік тұқымдар жарамайды.

Кәсіп ашу арқылы Юсуфәли Шералиев жергілікті ағайынды да жұмыспен қамтып отыр. Соколовка ауылының 10-ға тарта тұрғыны азаматтың бау-бақшасында нәпақа табуда. Жалпы, қазіргі таңда ауданда белгілі бір жұмысқа қабылданбаса да өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған 3 мыңнан астам адам бар. Оның 312-сі – өңір жетекшісінің бастамасымен өз ісін бастағандар. Яғни, жергілікті серіктестіктер мен шаруа қожалықтарыннан қолдау алған жандар.

ЖАНАР АҚЫЛБЕКОВА, Қызылжар аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы:
– Қосымша жұмыстардың негізгі бағыттары: мал шаруашылығы, бағбаншылық, омарташылық және құс шаруашылығы. Жылдың басында, яғни көктем мезгілінде азаматтар құспен, малмен қамтылады. Содан кейін отбасы оны өсіріп, пайдасын көрулері тиіс. Осы мақсатта Қызылжар ауданында 95 шаруа қожалығымен келісімшарт жасалған.

Ауданда тұрақты жұмысы да, не қандай да бір кәсібі де жоқ жандардың саны 500-ден асады.

Алдияр Айтпаев