БілімБалалар

Қозыбаев университетінде психологиялық клуб ашылды

Студенттерге жайлы жағдай жасау. Бүгін Қозыбаев университетінде осындай мақсаты бар психологиялық клуб ашылды. Орталық білім ордасының музейінде орын тепкен. Мұнда әрбір білім алушы келіп, педагог-психологтың көмегіне жүгіне алады. Мамандар оқуындағы немесе жеке өміріндегі мәселелер алаңдатқан жастарды тыңдап, ақыл-кеңестерін беруге әзір.

КӘМИЛА ДҮЙСЕМБЕКОВА, Қозыбаев университеті психологиялық қызметінің педагог-психологы:
– Психологиялық клубтың жұмысы жеке немесе топтық жұмыстармен шектелмейді. Орталық студенттердің бос уақытын ұйымдастыру, психологиялық денсаулығын қолдап, сақтау, үрейлі депрессивті күйлердің алдын алумен айналысады. Клубқа студенттер өз еркімен келеді. Жастарды мазалап жүрген қандайда бір мәселелер болса психологиялық клуб оны бірлесе шешуге дайын.

Университеттегі психологиялық қызмет өкілдері соңғы 4 жылда психологиялық тұрғыда ақыл-кеңес іздеп келетін жастардың жиілегенін байқаған. Тіпті, 3 есеге көбейді деп отыр. Осы ретте тұрақты орны бар клубтың құрылуы орынды.

ПАВЕЛ МОИСЕЕВ, Қозыбаев университеті психологиялық қызметінің жетекшісі:
– Студенттер қолдаудың басым бөлігін өз қатарластарынан алады.
Себебі, олар өзара етене жақын сөйлеседі, іштегілерін ақтарады. Мұны біз жақсы түсінеміз. Осыны ескере отырып клубта сұрақты жаудырмаймыз. Жайлы, сенім тудыратын атмосферада әңгімелесу арқылы қолдау білдіреміз.

Клубқа студенттермен қатар оқытушылар да келіп, психологтың көмегіне жүгіне алады.

Алдияр Айтпаев