Қоғам

Қалада таза бейсенбілік өтті

Күз келіп, жапырақтар түсе бастағасын петропавлдықтар қолдарына сыпырғыш, тырнауыштарын алып айналаны жинауға кірісті. Таза бейсенбілік шарасына қатысушы интернационалист-жауынгерлер мен қалалық әкімдік өкілдері Ауған соғысы ардагерлеріне қойылған ескерткіштің маңын жинады. Көптің ішінде Жангелді Тәжин де бар. Ағамыздың айтуынша, Петропавлдың тазалығын қамтамасыз ету – әр тұрғынның міндеті.

ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Таза бейсенбілікті қала халқы қолдайды деп ойлаймыз. Өзінің тұрған жерін таза ұстау – халқымыздың дәстүрі. Күз ұзақ болайын деп тұр. Сондықтан, қаламызды тазартуға бүкіл қала халқын шақырамыз. Әрбір ұрпақ өкілі жиналып, осындай таза сенбілікке дәстүрлі түрде қатысамыз.

Игі шараға «iKomek» ситуациялық орталығының жетекшісі Ернар Байсейітов те қатысып отыр. Азамат қолы қалт ете қалса, айналаны күл-қоқыстан тазартқанды құп көреді екен. Жерлестерімізді осы іске жақын болуға шақырады.

ЕРНАР БАЙСЕЙІТОВ, «iKomek» ситуациялық орталығының жетекшісі:
– Бүгін қаламызда таза бейсенбілік шарасы өтіп жатқанын көріп өз үлесімді қосу үшін келіп отырмын. Мен осындай тазарту шараларына жиі қатысып тұрамын.

Осыдан 2 күн бұрын арнамыздың тілшілері Береке ықшам ауданында болды. Нақтырақ айтсақ, әріптестерім Батыр Баян көшесінің бойында үйіліп жатқан қоқысты көріп, жаға ұстады. Мәселе бүгіннен бастап біржақты етіледі.

ӘСЕМ АЙТУЛОВА, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
– Бүгінгі шара аясында Береке ықшам ауданындағы заңсыз орналасқан қоқыстарды жинау бойынша жұмыстар басталып кетті. Ол жердегі қоқыс толық шығарылатын болады.

Жалпы, тазалық акциясына 1500 құрал-жабдық берілген, 20-ға жуық техника жұмылдырып отыр.

Алтынай Казиканова